БҚО-да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 94 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Президент тапсырмасына сәйкес азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті іс-шаралар қабылдануда. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің мәлім еткеніндей, өңірде азық-түлік тауарларымен қамту жұмыстары 24 атау бойынша жүргізіледі.

Атап айтқанда, азық-түлік тауарларының 10 атауы бойынша облыс өзін 100 пайыз және одан жоғары көлемде қамтамасыз етеді. Төрт атау бойынша 70 пайыз және одан жоғары. Ал 10 атау бойынша өзгелерге ішінара және толық тәуелді.

Сүт, көкөніс және басқа да азық-түлік тауарларының жетіспейтін бөлігі еліміздің оңтүстік өңірлерінен және Ресейден әкелінеді.

Д.Омашевтің сөзіне қарағанда, осы бағытта тапшылықтың орнын толтыру және азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайту мақсатында агроөнеркәсіп кешені саласында 2021-2025 жылдары 164,7 млрд теңгені құрайтын 94 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген болатын. Соның ішінде мал шаруашылығында 59,7 млрд теңгеге 63 жоба, өсімдік шаруашылығында 100,2 млрд теңгеге 22 жоба, 4,8 млрд теңгеге 9 жоба қарастырылған.

2021 жылы 18,4 млрд теңгеге 18 жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде бірқатар ірі жобалар бар. Мысалы, «World Green Company» ЖШС жылдық көкөніс өндіру көлемі 8 мың тоннаға дейін, ауданы 12 га төрт буынды жылыжай кешенін салып, жұмысын жүргізуде, жобаның құны – 14 млрд теңге. Ал «Uralsk Trade Company» ЖШС жылына 47 мың тонна дайын өнім өндіретін сүт зауытын ашып, өндірісті (1 млрд теңге) іске қосты. «Baystone» ЖШС 4 мың тонналық көкөніс қоймасын (1,1млрд теңге) салды.

Биыл 28,9 млрд теңгеге 36 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ өңірдегі сүт және картоп-көкөніс өндірісін ұлғайту мақсатында сүт және жасыл белдеулерді құру жоспары жасалды. Өңір жергілікті сүт өндірісімен тек 20 пайызға ғана қамтылып отыр, қалған 80 пайызы облыстан тыс жерлерден жеткізіледі. Сондықтан Бәйтерек, Бөрлі, Сырым, Тасқала, Теректі аудандары мен Орал қаласында сүт белдеуін құрып, сүт өндіру көлемін 45,9 мың тоннаға дейін ұлғайту ойластырылуда. Жоба аясында 4 ірі кешенмен қатар, шағын 11 тауарлы сүт фермасы, сүтті қайта өңдейтін шағын модульдік кәсіпорындар құрылмақшы.

«Сол секілді облыс халқының картоп пен көкөніс өнімдеріне қажеттілігін толық өтеу бағытында 2025 жылға дейін картоп алқабын 708 га, қырыққабатты 465 га, сәбізді 725 га және пиязды 255 гектарға ұлғайту көзделуде. Оған қоса осы кезеңде сегіз кәсіпорын жалпы сыйымдылығы 27,3 мың тонналық 9 заманауи көкөніс қоймасын салмақшы. Соның бесеуі биыл бой көтермекші. Бұл бағытта да мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болады», деді Д.Омашев.

Өңір басшысы Ғали Есқалиев жиын барысында азық-түлік тауарларының бағасын өсірмеу бағытында күнделікті мониторинг жүргізіп, қажетті шараларды қабылдау керектігін атап көрсетті.


Соңғы жаңалықтар