БҚО-да «Айтыстың Шолпан жұлдызы» атты өнер бәсекесінің жеңімпаздары анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстанда «Айтыстың Шолпан жұлдызы» атты аймақтық айтыстың жеңімпаз-жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, облыста тіл саласында басшылық қызмет атқарған Шолпан Қыдырниязованың 70 жасқа толуына орай туған жері - Қаратөбе ауданында мерейтойлық шаралар аясында өткен додаға барлығы 14 ақын қатысып, бақ сынады.

Қазылар алқасының төрағасы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Халиолланың айтуынша, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау өңірінен келген айтыскерлермен бірге жергілікті жас жүйріктер өнер көрсеткен өлең додасы көпшіліктің көңілінен шықты.

«Әсіресе, Арғынбек Қалбаев, Жәнібек Бейбітов, Алшынбек Мұханғалиев сынды көрші аймақтан келген жас айтыскерлер бабында екен. Ақ Жайық өңірінің намысын қорғаған ақындар да аянып қалған жоқ. Алды республикаға танылып үлгерген ақындармен қатар, біразын көпшілік жыға танымаса да, өз ортасында төбе көрсетіп жүрген жастар өзара сыйласа отырып, сөз қағыстырды. Өз өнерлерін шыңдай түссе, олардың болашақта талай аламанның көрігін қыздыратыны анық», деді Бауыржан Халиолла.

Сонымен, маңғыстаулық Арғынбек Қалбаев бас жүлдені жеңіп алса, оралдық Талғат Мықи бірінші орынға ие болды.

Ақтөбелік Жәнібек Бейбітов пен Ақжайық ауданының түлегі Мейірман Шәкенов екінші, атыраулық Алшынбек Мұханғалиев, қазталовтық Естеміс Мұқамбетов пен жаңақалалық Орынбек Меңдіқұлов үшінші орынға көтерілді.

Қаратөбелік Райымбек Өтепов пен оралдық Әділ Ахметовке Дариға Мұштанова мен Үзілдік Елеубаева атындағы арнайы сыйлықтар берілді. Қалған ақындарға көтермелеу сыйлықтары табыс етілді.

null

Мерейтой аясында Мұхит атындағы мектепте Шолпан Қыдырниязованың қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылып, «Туған жердің тұғырында түледім» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

Айта кетейік, Шолпан Батырқызы осыдан тура жетпіс жыл бұрын, 1949 жылы 6 мамырда Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылында дүниеге келді.

1980 жылы республикалық ақындар айтысында бас жүлдені жеңіп алған Шолпан Батырқызы аудан және облыс көлемінде басшылық қызметтер атқарды.

Ақынның 70 жасқа толуына орай сондай-ақ "Анадан - ақыл, әжеден - әдеп" атты жаңа кітабы жарық көрді.

Соңғы жаңалықтар