БҚО-да әйелін жұмыстан қызметтік көлікпен алып қайтқан аудан әкімінің орынбасары жауапқа тартылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында әйелін жұмыстан қызметтік көлікпен алып қайтқан аудан әкімінің орынбасары жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы әдеп кеңесінің кезекті отырысында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметовтің тәртіптік ісі қаралды.

Е.Ахметовтің қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдаланғаны бейнетаспаға түсіп, ол әлеуметтік желілерде кеңінен таралып кеткен болатын. Оның әйелін жұмыстан қызметтік көлікпен алып қайтқан әрекеті сыни мақалаға да өзек болған-ды.

Әдеп жөніндегі кеңес мәселені талқылай келіп, аудан әкімінің орынбасарына ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі талаптарын сақтағаманы үшін қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдады.

Кеңесте сондай-ақ Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшиннің есебі тыңдалып, соның негізінде мемлекеттік қызмет туралы заңнама мен қызметтік әдеп нормаларына қатысты бұзушылықты болдырмау және мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бойынша ұсыныстар берілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО кәсіпкерлерінің балықты жалған сертификаттармен экспорттап келгенін, қарамағындағы қызметкері пара алған басшының қызметінен кеткенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар