БҚО-да әйел адам жүргізген автокөлік аударылып, жолаушысы екеуі көз жұмды
2022 жылғы 11 тамыз 21:16

БҚО-да әйел адам жүргізген автокөлік аударылып, жолаушысы екеуі көз жұмды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 49 жастағы әйел рөлінде болған автокөлік аударылып, екі адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Мирхат Әженов мәлім еткендей, оқиға кеше сағат 13:00-де Самара-Шымкент жолының 444-шақырымында болды.

Оның сөзіне қарағанда, «Лада Гранта» автокөлігін айдап келе жатқан 1973 жылғы әйел рөлге ие бола алмай, аударылған. Соның салдарынан жүргізушінің өзі мен автокөлікте отырған 18 жастағы жігіт оқиға орнында қаза тапты. Олардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

«Елімізде жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес 19 шілде – 18 тамыз аралығында облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр. Осы іс-шара барысында 23 күнде 9 032 әкімшілік құқықбұзушылық, соның ішінде көлікті мас күйінде жүргізген 119 жүргізуші анықталды», - деді М. Әженов.

Биылғы жеті айда өңірде 164 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 56 адам мерт болды, 203 адам түрлі жарақат алды.

Еске сала кетейік, Батыс Қазақстанда жол апатынан екі адамның қаза тапқанын жазған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT