БҚО-да ауыр қылмыстар саны 9,2 пайызға төмендеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында соңғы кезде криминогендік ахуалды сауықтыру бағытында оң өзгерістерге қол жеткізілді. Бұл туралы 30 қаңтар күні ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция полковнигі Берік Бисенқұловтың төрағалық етуімен облыстық департаментте өткізілген кеңейтілген жедел кеңесте мәлім етілді.

БҚО ІІД бастығы, полиция полковнигі Махамбет Әбисатовтың айтуынша, 2014 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ауыр және аса ауыр қылмыс - 9,2, қарақшылық - 56,8, ауыр дене жарақатын келтіру - 12,5, мал ұрлығы - 20,7, қалта ұрлығы - 7,3, кісі тонау - 11,9, бұзақылық - 14,2, автокөліктерді айдап кету - 18,6, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс 23,6 пайызға төмендеді. Сонымен қатар қылмыстың басым көпшілігін ашу деңгейі де жақсарды.

Жол-патрульдік полиция қызметкерлері азаматтардан түскен 17,5 мың шақырту бойынша шығып, көшелер мен қоғамдық орындардан 11 мың маскүнем мен есірткіге елтіген 62 адамды аластатты. Орал мен Ақсай қаласы көшелерінде 87,5 мың құқықбұзушылық тіркеліп, іздеуде жүрген 28 қылмыскер мен 9 мыңнан астам құқық бұзушы ұсталды. 485 көше қылмысының ізі суымай ашылды.

Кеңес барысында вице-министр Б.Бисенқұлов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді орындау жолында батысқазақстандық тәртіп сақшыларына ішкі істер министрі қойған талаптарды жеткізіп, жұмыс көрсеткіштерін төмендетпей, қылмыс туралы барлық өтініш-арыздарға жіті қарап, оны жаңа заңнамаларға сәйкес жүргізуге назар аударды. Қылмыстың алдын алу және онымен күрес, азаматтардың конституциялық құқығын қатаң сақтау бағытында нақты тапсырмалар берілді.

Соңғы жаңалықтар