БҚО-да ауыл тұрғындарына құс шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетілуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарына құс шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының «Еңбек балапан» жобасы аясында қайтарымсыз грантқа қол жеткізген ауыл адамдары өз ісін дамыта алады.

Ол үшін әр үміткер «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы тегін оқу курсынан өтіп, сертификат алады. Содан кейін бизнес жоспарын жасап, арнайы комиссияға тапсырады. Комиссия мақұлдаған жағдайда 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз несиеге қол жеткізеді. Бұл – жұмыссыз ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау. «Еңбек балапан» жобасын жүзеге асыруға облыста 625 млн теңге қарастырылған.


24 маусым күні осы бағдарлама аясында Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында грантқа ие болған 14 отбасына мекиендер мен етті бағыттағы балапандар табыс етілді.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Бақдәулет Ибрайымовтың айтуынша, бұған дейін Теректі және Шыңғырлау аудандарында тұрғындар осындай қолдауға ие болған еді.

Мұндағы мақсат – жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуына жәрдемдесу. Грант иелері қайтарымсыз несиеге балапандарды сатып алып, күтіп-баптап, сосын етке өткізе алады. Содан кейін түскен қаржыға өз шаруашылығын одан әрі дамыта алады. Осы орайда әр ауданда құс шаруашылығымен айналысатын оператор анықталып, ол тұрғындарға көмек көрсетеді. Олар құс еттерін көтерме бағамен сатып алып, аудандағы әлеуметтік мекемелер асханалары мен дүкендерге өткізеді. Тұрғындар да жергілікті сапалы әрі табиғи өніммен қамтылады.

Бәйтерек аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Алексей Герасимовтің сөзіне қарағанда, биыл осы ауданда құны 48 млн теңгеге бағаланған 808 грант ұсынылмақ. Күні бүгін 43 аудан тұрғыны қайтарымсыз несие алып үлгерді.


«Бүгін аудандағы аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен өз кәсібін ашқысы келетін жастарға арнайы сертификаттар тапсырылды. Олардың әрқайсысына 100 дана етті бағыттағы балапандар мен жұмыртқа табатын 57 мекиен берілді. Сондай-ақ құны 505,6 мың теңгені құрайтын несие есебінен тоңазытқыш, қоршауға арналған тор, жем үлестірілді. Қалған ақшаға (200 мыңдай теңгеге) кәсіп иесі тағы да жем, қосымша үйрек-қаз балапандарын сатып алып, қора сала алады. Былайша айтқанда, ең алдымен ауылда жұмыссыз жүргендер азайса, екіншіден, тұрғындар құсты өсіріп, саудалап, табыс тауып қана қоймай, әрі қарай дамыта алады», деді А.Герасимов.

Жоба бұдан кейін де жалғасын табады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын құс шаруашылығын дамытуға БҚО-да 1200-ге жуық грант бөлінетінін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар