БҚО-да ауыл тұрғындары автобустың жолақысын көтеруді сұрап отыр

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қалада жұмыс істейтін ауыл тұрғындары таксимен жүру қымбатқа түсетіндіктен, жолақыны 300 теңгеге дейін көтеру жөнінде хат жазып, қол жинапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теректі ауданы Шаған ауылдық округінің әкімі Мақсот Мұрзақаевтың айтуынша, Жаңаөмір ауылынан Орал қаласына қатынайтын №66 бағыттағы автобус осы күнге дейін 150 теңгемен жүріп келді.

Мәлім еткеніндей, бұл бағыт бойынша «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС қызмет көрсетеді. Жолақы мөлшерін Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі реттейді.

Осы бағыт бойынша жүргізушілер жолақыны 150-ден 200 теңгеге дейін көтеруді сұрағанымен, елдегі мораторийге байланысты олардың бұл өтініші қанағаттандырылмаған.

«Бұл мәселе осы аптаның ішінде қалада арнайы комиссияда қаралады. Орал мен Жаңаөмір арасына қатынайтын автобус маршрутын әлеуметтік маңызы бар бағытқа жатқызып, жолақы айырмасын үкімет есебінен өтеу қарастырылмақшы»

, - деді ҚазАқпарат тілшісіне Мақсот Мұрзақаев.

Айта кетейік, бұған дейін жазғанымыздай, Алматы әкімдігі 3 мамыр күні қосымша автобус маршруттарын ұйымдастырады.



Соңғы жаңалықтар