БҚО-да ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 561,6 мың гектарға жетпек

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биылғы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 561,6 мың гектарға жетпек.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде жазғы дақылдар 273,6 мың гектарға орналастырылмақ. Бұған 46,1 мың гектар күздік бидайды қосқанда, дәнді дақылдар көлемі 320 мың гектар болып отыр.

Майлы дақылдарды 50 мың гектар алқапқа себу көзделсе, картоп пен көкөніс, бау-бақша дақылдары 11,6 мың гектарды алмақ.

Мал азығының берік қорын жасақтау үшін 180 мың гектарға дейін азықтық дақылдар егу көзделуде. Биыл көктемде 35 мың гектар жерге бір жылдық шөп, 2 мың гектарға сүрлем үшін жүгері, 33,2 мың гектарға көп жылдық еркек шөп егілмек. Өткен жылдарда егілген көп жылдық шөп көлемі - 109,8 мың гектар.

Облыста 29,5 мың тонна жазғы бидай тұқымы қажет болса, күні бүгін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде соның 25,2 мың тоннасы немесе 85,5 пайызы бар. Әлі 4,3 мың тонна керек. Қазіргі таңда «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ еншілес кәсіпорындарының облыстық филиалдарымен бірлесіп, шаруашылықтарды қажетті тұқым, қаржымен қамтамасыз ету шаралары алынуда. Көктемгі егіс жұмыстарына қажетті 12 мың тонна дизельді отын бөлінген. Науқанға ауыл шаруашылығы техникалары да жоспарға сай әзірленуде. Көп ұзамай алдымен жер өңдеу жұмыстары басталатын болады.

Соңғы жаңалықтар