БҚО-да «Ауыл» партиясы дәрігерлерге көмек көрсетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшелері індетпен күрескен дәрігерлердің балаларына қолұшын созды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәстүрлі «Мектепке жол» шарасы аясында облыс орталығында Орал қалалық көпбейінді ауруханасында жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршіндеріне қажетті құрал-жабдықтар тапсырылды.

«Ауыл» партиясы БҚО филиалының төрағасы Мынатаубиік Әнесов пен облыстық мәслихат депутаты, «Жайық ет» кәсіпорнының басшысы Темірғали Ескендіров коронавируспен күресте ақ желеңді жандардың еңбегі зор екендігін атап көрсетті.

«Алдыңғы шепте жүрген дәрігерлеріміз қандай құрметке де лайық. Олардың барлығына мықты денсаулық тілейміз. Жасалып жатқан жұмыстардың нәтиже беруі үшін ауырмайтын жол іздеп, сақтық шараларын бұлжытпай сақтау әр адамның міндетіне айналуы тиіс. Ал жеткіншектердің болашақта еліміздің мақтанышы болып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын мықты азамат атануына тілекшіміз. Ол үшін жақсы оқу керек», деді М.Әнесов.

Партия белсенділерінің қолдауымен он оқушыға мектеп сөмкелері алынып, олар қалам-қағаз, дәптер, түрлі бояулар, ермексаз, сызғыштан бастап түрлі құралдармен қамтылды.

М.Әнесовтің айтуынша, «Жайық ет» кәсіпорны өкілдерінің қатысуымен сондай-ақ Деркөл ауылындағы №12 мектепте көп балалы және аз қамтылған отбасылардың сегіз баласына көмек көрсетілді.

Қайырымдылық шарасы Бәйтерек ауданы Щапов ауылындағы Б.Момышұлы атындағы мектепте жалғасып, мұнда да ұстаздар атына жылы тілектер айтылып, жаңа оқу жылында балалардың алаңсыз білім алуы үшін барынша жәрдем берілді.

«Ауыл» партиясы бұдан былай да осындай ізгілікті істерге атсалысатын болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 5824 адамның коронавирус індетінен жазылып шыққанын жазған болатыныз.




Соңғы жаңалықтар