БҚО-да ауыл мектебін жаңбырдан кейін су басты
2022 жылғы 11 мамыр 14:44

БҚО-да ауыл мектебін жаңбырдан кейін су басты

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауыл мектебін жаңбырдан кейін су басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде тараған видеоның авторы Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы Ы.Алтынсарин мектебін кешегі жаңбырдан кейін су басқанын көрсетіп, шұғыл көмек сұраған.

БҚО Білім басқармасынан мәлім еткеніндей, аталмыш мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге Ақжайық білім беру бөлімі мен «Тасқала Транс Газ» ЖШС келісімшарт жасасқан. Мердігер мамыр айында күрделі жөндеу жұмыстарын бастайды.

Ақжайық білім беру бөлімінің басшысы Біржан Сабыровтың түсіндіруінше, мектептің асхана және спорт залына су кірген.

Оның айтуынша, мектеп ғимараты өткен жылы күрделі жөндеуден өтуі тиіс еді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «Тасқала Транс Газ» ЖШС жеңімпаз деп танылған болатын. Алайда БҚО Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеру жүргізіп, соның нәтижесінде екінші тұрған мекеме жеңімпаз болып шықты. Бұған «Тасқала Транс Газ» ЖШС келіспей, сотқа берді. Ақыры сот шешімімен аталған ЖШС қайтадан жеңімпаз болып танылды. Әйтсе де жыл соңы болғандықтан, қаржыны кері қайтаруға тура келген.

«Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында мектепті күрделі жөндеуге 300 млн астам теңге бөлінді. Қосымша қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылады. Мектеп оқушылары енді Ақжайық агротехникалық колледжінің (бұрынғы Тайпақ колледжі) бос тұрған ғимаратына көшіріліп, сонда білім алатын болады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Сабыров.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында төрт адамға қасқыр шапқанын жазған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар
Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT