БҚО-да алғаш рет жаңа аппаратпен күрделі көз отасы жасалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облыстық ауруханасының офтальмологиялық бөлімшесінде Leica микросопының көмегімен алғаш рет күрделі көз отасы жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, болашақта аталмыш бөлімше өзге өңірлерден де пациенттер қабылдай алады.

Бірінші болып Бөрлі ауданының 86 жастағы тұрғынына жасалған ота сәтті өтті.

«Емделуші глаукома және ішкі көз қысымымен ауыратын. 20 минуттай уақытқа созылған отадан кейін қария ертеңнен бастап қалыпты өмірге орала алады. Қазіргі кезде аудандардан пациенттер көптеп келуде», деді хирург-офтальмолог Дәурен Ермұхамбет.

Офтальмологиялық бөлімшеде жылына 1200-ге дейін ота жасалады. 40 төсекке есептелген бөлімшеде күндізгі стационарға қоса тұрғындар амбулаторлық ем алады.

«Leica микроскопы – өте ұсақ тамырлардың өзін дәл көрсететін оптика. Бұл құрылғының көмегімен глаукома, катаракта және басқа көз ауруларына ота жасауға болады. Бір апта ішінде әрқайсысы 20-25 минутқа созылатын 40-тай ота жасау жоспарлануда. Бөлімшеде алты дәрігер болса, соның үшеуі ота жасайды. Екі маман Мәскеудегі Халықаралық медициналық білім академиясында қайта даярлықтан өткен», деді бөлімше меңгерушісі Төлеген Ишанов.

Көп ұзамай облыстық ауруханаға осындай тағы бір аппарат алынбақшы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 6 мыңға жуық адамның Pfizer вакцинасын салдырғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар