БҚО-да ақша айырбастаумен айналысқандарды өлтіргендерге қатысты үкім шықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ақша айырбастаумен айналысқандарды өлтіргендерге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш соттан түскен мәліметке қарағанда, аса ауыр қылмыстардың бәрі де Ақсай қаласында жасалған.

Бір-бірімен достық қарым-қатынастағы Ақсай қаласының тұрғындары А.Пішенбаев, Ж.Төлепов және Ж.Ниталиев 2014 жылғы ақпан айының ортасында М.Жұмағазиеваның ақша айырбастаумен айналысатынын білген.

Бетперде киіп, темір құбырмен қаруланған топ 26 ақпан күні М.Жұмағазиеваның үйдің кіреберісіне кіргенін пайдаланып, басынан ұрып, қолындағы сөмкесін тартып алмақ болған. Алайда жәбірленушінің айқайынан көршілер шыға бастағандықтан, оқиға орнынан бой тасалаған.

Аталған топ 2015 жылдың сәуір айында Ақсай қаласының тұрғыны Ж.Сидалиеваның үйіне кіріп, ірі мөлшерде ұрлық жасаған. «РИКмиркур» ЖШС дүкеніне де түскен.

2015 жылдың қыркүйегінде үшеуіне Ә.Өтепов қосылып, алдын ала сөз байласып, ақша айырбастаумен айналысқан Т.Жұмағазиевке қарақшылық шабуыл жасап, өлтіру үшін қылмыстық жоспар құрып, шолақ мылтықты дайындаған. Ақыры 7 қазан күні оны үйінің есігінің алдында атып өлтірген.

2016 жылдың тамыз айында А.Пішенбаев Ақсай қаласында А.Сүйіндікованың үйіне заңсыз кіріп, сейфтен алтын бұйымдарды үптеп кеткен.

2017 жылғы маусымда А.Пішенбаев пен Ж.Төлепов адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, Ақсайдағы Заводская көшесіндегі С.Расқұлованың үйіне заңсыз кіріп, ақшалай қаражаттарын жымқырған.

Мұнымен тоқтамаған А.Пішенбаев өткен жылдың маусымында ақша айырбастаумен айналысқан Ж.Аралбаевты аңшы пышағымен соққылар жасап, қасақана өлтірген.

Ал А.Маманов пен А.Нұрлыханов А.Пішенбаевтың аса ауыр қылмыс жасағанын анық біле тұра құқық қорғау органдарына хабарламаған.

Сот үкімімен кісі өлтіріп, қарақшылыққа барып, тонағаны, заңсыз қару дайындап, сақтағаны және ұрлық жасағаны үшін айыпты деп танылған 29 жасар А.Пішенбаев түпкілікті 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Осындай қылмыстарға барған 27 жасар Ж.Төлеповке 17 жыл, 29-дағы Ж.Ниталиев пен 30-дағы Ә.Өтеповке 16 жыл кесілді.

Бұлардың төртеуі де қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазаларын өтейді.

19 жасар А.Маманов пен 25-тегі А.Нұрлыханов ҚР ҚК 434-бабына сәйкес 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар