БҚО-да әкім орынбасары жалдамалы қызметтік пәтердің ақысын төлемеген

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында аудан әкімінің орынбасары арендалық қызметтік пәтерде тұрып, ақысын төлемеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Шарафутдиннің тәртіптік ісі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында қаралды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев мәлім еткеніндей, әкімнің орынбасарына қатысты бұзушылықтар аудандағы мемлекеттік органдарды тексерген кезде анықталды.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев келтірген деректерге қарағанда, тексеріс барысында Теректі ауданында мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынып, жалға берілген пәтерлерден бюджетке түсімнің едәуір мөлшерде түспегені белгілі болды. Соның ішінде Қ.Шарафутдин қызметтік пәтерде тұрып, тиісті құжаттарды рәсімдемеген. Ол басқа да бюджеттік сала қызметкерлерімен бірге жалға берілген қызметтік үйге келісімшарт жасамаған, сондықтан ақысын төлемеген.

Қ.Шарафутдин аудан әкімінің орынбасары қызметін 2018 жылдан бері атқарып, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына басшылық етіп келеді. Оның үстіне ауданда мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған тұрғын үйлерді бөлетін комиссия төрағасы да өзі. Жалға берілетін пәтерлерді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық балансына алып, ақысының уақтылы төленуін қадағалап отыруы тиіс еді.

Сондай-ақ облыстық тексеру комиссиясының тексерісі кезінде Қ.Шарафутдиннің төтенше жағдайларды жою және алдын алу мақсатында бөлінген 360 литр дизельді отын мен 400 литр АИ-92 бензинін дұрыс құжаттандырмағаны анықталды.

Қ.Шарафутдин тұрғын үй құжаттарының жоқтығына қатысты кінәсін мойындап, ауданда жалға берілген барлық пәтерлер бойынша құжаттандыруды тәртіпке келтіруге уәде берді. Ал індетпен күрес кезінде блокпосттарды орнату кезінде жанар-жағармайға қатысты актілерге қол қоюға уақыты болмағанын айтты. Қазіргі кезде кіріс-шығыс құжаты жоқ дизельді отын мен бензиннің құнын өз қалтасынан өтеген.

Әдеп жөніндегі кеңес мәселені талқылай келе, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылыққа жол бергені үшін Қ.Шарафутдинге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Теректі ауданы әкіміне ұсыныс жолдауды қажет деп тапты.


Соңғы жаңалықтар