БҚО-да 94 қылмыстың жасырылғаны анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 94 қылмыстың жасырылғаны анықталды.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның 14-і - ауыр дәрежелі қылмыс, сонымен қатар 62 қылмыс ауырлығы төмен құрамға негізсіз жатқызылған.

Ауыр қылмысты есепке алуды жасырғаны үшін Зеленов аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Маштаков пен учаскелік инспектор Кожевников сотталды. Қылмыстық қудалау органдарының 163 лауазымды қызметкері тәртіптік жазаға тартылды.

Өкінішке қарай, мұндай факті биыл да белгілі болып отыр. Биылғы 21 қаңтарда Шыңғырлау ауданы прокуратурасына Полтава ауылында тұратын К.Чигирев жүгінді. Ол өткен жылдың наурыз, мамыр және желтоқсан айында үйінің есігі бұзылып, тауар-материалдық құндылықтардың ұрланғаны жөнінде учаскелік полиция инспекторына бірнеше рет хабарлағанымен, еш нәтиже шықпаған, өтініші тіркелмеген. Тек прокуратураның араласуынан кейін ғана материалдар тіркеліп, сотқа дейінгі өндіріс аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды. Қылмысты есептен жасыру фактісі бойынша ішкі істер бөлімі қызметкеріне қатысты материал сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментіне жолданды.

Соңғы жаңалықтар