БҚО-да 900 мың балық құртшабағы қырылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жөндеу жұмыстары салдарынан балықтар жаппай қырылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетіне сілтеме жасап.

"Батыс Қазақстан облысының аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясына кеше Сырым ауданы Тоғанас ауылы маңындағы Шолақанқаты өзенінде балықтардың жаппай қырылғаны туралы ақпарат келіп түсті.Оны тексеру үшін табиғатты қорғау полициясы мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері оқиға орнына барды", - деп хабарлады ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің ресми өкілі Сәкен Ділдахмет.

Тексерушілер Шолақанқаты өзеніндегі шлюзге жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын анықтады. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін негізгі суды ағызған және тереңдігі 15-20 см болатын шалшық су қалған.

"Шолақанқаты ауылдық округінің әкімі жұмысшылардың балық құртшабақтарын құтқару үшін барлық шараларды жасағанын айтты. Келесі күні ауа температурасы күрт төмендеп, су қатқан және қалған балықтар қырылған. Жалпы аумағы 1800 шаршы метр шалшық мұз болып қатты. Шамамен 1 шаршы метрде 500 дана балық болған", - дейді ресми өкіл.

Алдын ала болжам бойынша, 900 мың балық құртшабағы қырылды. Олардың арасында ақкөз, қызылқанат, қылышбалық, мөңке балықтар бар.

"Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғау үшін Сырым ауданының ішкі істер бөлімінде құжаттар рәсімделіп жатыр. Жануарлар әлеміне келтірілген шығындар кейінірек есептеледі және балықтардың қырылуына айыптылар жауап береді", - деді С. Ділдахмет.

Соңғы жаңалықтар