БҚО-да 90 мыңнан астам оқушыға қашықтан білім берілмекші

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 90 мыңнан астам оқушыға қашықтан білім берілмекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның брифингте мәлім еткеніндей, өңірде жаңа оқу жылына дайындық барысында мектептерде оқыту түрін анықтау, шәкірттер мен ұстаздарды компьютерлермен қамту бағытында шаралар алынуда.

Алдын ала жасалған талдауға байланысты эпидемиологиялық жағдайы тұрақты шалғай елді мекендердегі 220 мектепте (16 251 оқушы) балаларды штаттық режимде оқыту қарастырылуда. Ал қала мен оқушы саны көп ауылдардағы 160 мектепте (90 425 оқушы) қашықтан оқыту қарастырылуда. Қашықтан оқытылатын білім ордаларында бастауыш сыныптар үшін кезекші сыныптар ашу жоспарлануда (1 376 сынып, 17 мыңнан астам оқушы).

Айгүл Әділгерейқызының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда облыс бойынша үнемделген қаражат есебінен 1454 компьютерлік құрылғы алынды. Оған қосымша тағы 1922 компьютерлік құрылғы сатып алу ойластырылуда.

Оқушыларды қайтарымды негізде мектеп компьютерлерімен қамту шаралары қолға алынады. Мектептердің интернет жылдамдығын жақсарту, қашықтан оқытылатын барлық мектепті ғаламтор көзіне қосу бойынша келісімшартқа отыру жұмыстары жасалуда.

Облыстың 12 262 педагогы ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған қашықтан оқыту мәселелеріне арналған курстармен қамтылды.

«Оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 2839,5 млн теңге бөлініп, оның 39,3 млн теңгесі тасымалдауға қарастырылды. Күні бүгін оқулықтарды тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Биыл сондай-ақ 32 білім беру нысанын күрделі жөндеуге 9,4 млрд теңге бөлінді», деді А.Мыңбаева.



Соңғы жаңалықтар