БҚО-да 8500-ден астам медицина қызметкерін коронавирусқа қарсы егу көзделуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы 8500-ден астам медицина қызметкерін егу көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, өңірге 651 мың доза екпе әкелінеді деп жоспарланып отыр.

Екпеге дайындық шеңберінде қалалық көпбейінді ауруханада 1100 мың вакцина сиятын 15 текше метрлік тоңазытқыш модулі орнатылады. Сондай-ақ Оралдағы 6 емханада 12 мың вакцина сиятын 0,18 текше метрлік тоңазытқыш камералары қойылады.

Қосымша 30 қаңтарға дейін вакциналар мен 1400-дей хладоэлементтерді тасымалдау үшін термоиндикаторы бар 30 термоконтейнер жеткізіледі. Аудандық ауруханалар да термоконтейнерлермен қамтамасыз етіледі.

Өңірде коронавирусқа қарсы егуді ұйымдастыру мен өткізу туралы БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлескен бұйрыққа қол қойылған.

«Медсервис» ЖШС мәліметі бойынша 1 мың доза көлеміндегі алғашқы вакцина тобы бірер күнде келеді. Оны әзірге 1,2 текше метрлік тоңазытқыш камерасы бар облыстық қан орталығы қабылдап алып, сақтайды. Мұндай камералар аудандық ауруханаларда да бар.

Вакциналарды қабылдау және беру мәселесімен облыстық ЖИТС-пен күрес және оның алдын алу орталығының мамандары айналысады.

Вакцинация екі кезеңмен жүргізіледі, яғни екінші екпе алғашқысынан кейін 21-тәулікте жасалуы керек.

Тұрғындар аумақтық медицина ұйымдарының егу пункттерінде, ал арнайы контингенттер тиісті ведомствоның мекенжайында егіледі.

Алғашқы екпе салатын күні келушіні міндетті түрде дәрігер қарап, қызуын өлшеп, эпидемиологиялық талдау алады. Қызуы немесе сырқаты болса, екпеге жіберілмейді.

Коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары топтар алдымен егіледі. Олар – медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, педагогтар, полицейлер, студенттер, медициналық-әлеуметтік және жабық балалар мекемелері, ТЖ, білім саласы, ҰҚК, мемлекеттік күзет қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, елде аккредиттелген дипломатиялық, консулдық мекемелер қызметкерлері (Қазақстан азаматтары), созылмалы сырқатқа шалдыққан адамдар.

«Егу жұмыстарын қалалық, соның ішінде жеке емханаларда және аудандық ауруханаларда 26 кабинетте арнайы дайындалған қызметкерлер жүргізеді. Егу кабинеттері барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген», деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бір айда 100-ге жуық баланың коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар