БҚО-да 802,2 млн. теңгенің мүлкі жария етілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бері 802,2 млн. теңгенің 66 мүлкі жария етілді.

Облыстық мемлекеттік кіріс департаменті мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Ербол Найзабековтің айтуынша, мүлікті жария ету жөніндегі комиссияларға науқан басталғаннан бері 1 млрд. 407 млн. теңгені құрайтын 148 мүлікті жария ету жөнінде өтініш түскен. Соның 58-і тұрғын үй болса, қалғаны - өзге мақсаттағы жылжымайтын мүлік. Комиссияларға ел аумағынан тыс жердегі мүлікті жария ету жөнінде өтініш түспеген. Осы мерзімде екінші деңгейдегі банктер бойынша ақшаны жария ету жөнінде бір өтініш жасалып, 18 млн. теңге жария етілген.

Айта кетейік, мүлікті жария ету бұл салық төлеуді қысқарту мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған немесе Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес рәсімделмеген мүлікке құқық беруді мемлекеттік мойындау болып табылады. Жария етуге ақша, құнды қағаз, заңды тұлғаның капиталына қатысудағы үлесі, басқа тұлғаға рәсімделген жылжымайтын мүлік, ҚР аумағындағы мақсатты пайдалануға арналған жер телімінде тиісті құрылыс жүргізу нормаларына сай салынған ғимарат және республика аумағынан тыс жердегі жылжымайтын мүліктер жатады.

Мүлікті жария ету науқаны сонымен қатар 2017 жылы елімізде жалпыға ортақ жеке тұлғалардың кірістерін декларациялау басталған кезде адамдарға қолайлы болуы үшін өткізіліп отыр. Бұл Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына, соның ішінде зейнеткерлерге де қатысты. Сонымен қатар уақытша тұруға құқығы бар, республикада жұмыс жасап, табыс табатын шетелдік азаматар да декларация тапсыруға міндетті. Кәмелетке жасы толмағандар атында жеке мүлкі немесе банктерде жинақ есепшоттары болса, олар да декларация тапсырады.

Соңғы жаңалықтар