БҚО-да 800-ден астам адам қар құрсауынан құтқарылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында соңғы күндері қар құрсауынан 200-ден астам адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, 111 техника тазартылған жерге шығарылды. 218 адам құтқарылса, соның 16-сы - балалар.

Бәйтерек ауданында 18 ақпан күнгі сағат 21.00-ден кешегі 12.00-ге дейін боран мен қарға байланысты жергілікті жолдарда тұрып қалған 12 жеңіл автокөлікке (20 адам) көмек көрсетілді. Сол секілді кеше сағат 11.19-да Ақжайық ауданында Орал-Атырау жолының 175-шақырымында сынып қалған «ГАЗель» автокөлігінің жүргізушісі Чапаев ауылына жеткізілді. Бүгін түнгі сағат 00.30-да Бәйтерек ауданында Орал-Саратов жолының 45-шақырымында бір жүк және 4 жеңіл көлік (17 адам, үшеуі - балалар) тазартылған жерге шығарылды.

Сағат 01.05-те Тасқала ауданында Орал-Саратов жолының 96-104 км аралығында жолаушылар автобусы, жүк тиейтін 5 «ГАЗель» және 57 жеңіл көлікке жәрдем берілді. Бұл көліктерде 181 адам (16-сы - балалар) болған, соның ішінде 38-і - Өзбекстан азаматтары. Өзбекстандық азаматтардың автобустың ішін жылыту үшін газ баллоны мен электр қыздырғышын алып келе жатқаны белгілі болды. Бұл көлік ішінде өрт тұтануына себеп болуы мүмкін еді. Абырой болғанда, азаматтық қорғау органының қызметкерлері оның алдын алды. Ақтөбе облысында қайғылы оқиға болып, 52 адамның автобус ішінде жанып кеткені белгілі.

Биыл өңірде боранды әрі қарлы қыс болып тұр. Жыл басынан бері 809 адам құтқарылып, 182 адам эвакуацияланды. 380 техника тазартылған жерге шығарылды.

Еске сала кетейік, өңірде боранға байланысты жолдар жабылған. Алпыстан астам автокөлік қар құрсауынан шығарылды.

Соңғы жаңалықтар