БҚО-да 700-ден астам полиция қызметкері марапатталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Бүгін Оралда Қазақстан полициясы мен Мемлекеттік қызметші күніне орай салтанатты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай алаңына жиналған тәртіп сақшыларын облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті сақтау мен ел тыныштығын күзетудегі еңбегі мол екендігін атап көрсетті.

Мінсіз қызметімен көзге түскен сақшыларға облыс әкімінің алғысхаттары тапсырылды.

ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұхамбет Қасымовтың құттықтау хаты мен бұйрығы оқылғаннан кейін сала үздіктеріне марапаттар мен жаңа шендері табыс етілді.

БҚО ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Әбләзімовтің бұйрығымен барлығы 744 қызметкер марапатталды. Сонымен қатар сала ардагерлері мен жас сақшылар да ұмыт қалған жоқ.

Қазақстан полициясы күнінде мінсіз қызметі үшін сақшыларға құрмет көрсетумен бірге бейбіт кезде өз міндеттерін атқару кезінде көз жұмғандар еске алынады.  Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі мерзімде облыста 32 полиция қызметкері қаза тапты. Бүгін департамент басшылары олардың әрқайсысының үйінде болып, гүл, сыйлықтар тарту етіп, қаржылай қолдау көрсетті.

Сонымен қатар осы кезеңде бандыларды жою мен аса қауіпті қылмыскерлерді құрықтау кезінде Елбасы Жарлығымен Батыс Қазақстаннан 75 полиция қызметкерінің жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталғанын айта кетейік. 

Соңғы жаңалықтар