БҚО-да 62,5 млн. теңгеге 8 жаңа жоба мақұлданды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО әкімінің орынбасары Марат Кәрімовтің төрағалық етуімен өткен аймақтық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» және моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес 62,5 млн. теңгеге сегіз жаңа жоба мақұлданды.

Орал қаласы, Зеленов, Ақжайық аудандарынан ұсынылған бес жоба бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағытына сәйкес жүк тасымалдайтын көлік құралын, уақ жандық, қабырғалық материалдар мен минералдық сусын өндірісіне жабдық алуға және техникалық қамту стансасын жасақтауға демеуқаржы бөлінетін болды. Сондай-ақ моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша үш жоба жүзеге асырылмақ. Мұнда ақсайлық кәсіпкерлер жүк және жолаушы тасымалдауды дамыту үшін автопарктерін толықтырып, коммерциялық жылжымайтын мүлікті жөндеп, дүкен мен шаштаразға жабдықтар орнатпақшы. Осы жобалар нәтижесінде 25 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

М.Кәрімовтің атап өткеніндей, «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы қолға алынғаннан бері облыста 390 жоба қолдау тапты. Моноқалаларды дамыту бағытында Ақсай қаласының кәсіпкерлері де мемлекет тарапынан көмек алуда. Ендігі міндет - осы қаржының қайтарымы ретінде өндіріс орындары кеңейіп, жұмыс орындары ашылып, салықтық түсім молаюы тиіс.

Соңғы жаңалықтар