БҚО-да 57 тұрғын үйден су сору жұмыстары аяқталып, 275 адам баспаналарына оралды

None
Фото: t.me/qr_tjm
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына байланысты эвакуацияланған 275 адам үйлеріне оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің мәлім еткеніндей, 22 адам туыстарының үйлерінде қалды.

Оның айтуынша, соңғы тәулікте Орал қаласы мен Ақжайық, Бөрлі, Қаратөбе, Казталов және Бәйтерек ауданында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғастырылды.

«Қауіпті жерлерде инертті материал салынған 5 мыңнан астам қап төселді. Қосымша 4 мыңға жуық қап дайындалды. 75 мыңнан астам текше метр су сорылды. Су тасқыны басталғаннан бері облыс бойынша 500 мың текше метр су сорылды. Соның ішінде осыған дейін су кірген 57 тұрғын үйден су сору жұмыстары аяқталды. Жағдай тұрақты бақылауда. Қазіргі таңда су тасқыны салдарын жою жұмыстары облыс орталығындағы 20 саяжай аумағында жүргізілуде», деді Ернұр Өтегенов.

Департамент бастығының сөзіне қарағанда, күні бүгін Деркөл, Шаған және Шыңғырлау өзендері арналарындағы су деңгейіне мониторинг жүргізілуде. Су деңгейінің күрт көтерілуі байқалмайды. 11 гидробекетте су деңгейі бақылануда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көлік қатынасы үзілген ауылдардан 11 жүкті әйел шығарылғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 100-ден астам киік судан шығарылды.

БҚО-да 100-ден астам адам үйлеріне оралып жатыр.

Батыс Қазақстанда Жайық өзенінде су деңгейі көтерілуі мүмкін.



Соңғы жаңалықтар