БҚО-да 380 мектептің 249-ы штаттық режимде жұмыс жасауда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 380 мемлекеттік мектептің 249-ы штаттық режимде, 131-і қашықтан жұмыс жасауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның брифингте мәлім еткеніндей, өңірде 111 мыңнан астам оқушының 22 пайызы (24621) штаттық режимде, 48,6 пайызы (54196) қашықтан оқытылуда.

Облыста бастауыш сынып оқушыларының 66,2 пайызы (32681), мектепалды даярлық сыныптарының 53,3 пайызы (4286) кезекші сыныптармен қамтылған.

Сол секілді 34 колледжде 17 мыңға жуық студент бар.

Ауылдық жерлердегі контингенті аз 8 колледжде оқу процесі штаттық режимде ұйымдастырылды.

Сондай-ақ 278 мектепке дейінгі ұйымда (80 жеке балабақшада) кезекші 1039 топта ата-аналардың өтініші бойынша 13172 бүлдіршін (барлық баланың 44,9 пайызы) қамтылған.

Айгүл Әділгерейқызының сөзіне қарағанда, барлық штаттық режимдегі және кезекші сыныптары бар мектептердің, колледждердің, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысы санитарлық -эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүргізілуде. Мұның сақталуы облыс, қала, аудан әкімдіктері және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларының қатаң бақылауында.

Қазіргі таңда қала мен аудандар әкімдері орынбасарларының төрағалығымен мектептердегі санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету бағытында және оны қадағалайтын мониторингтік топтар құрылды.

Жаңа оқу жылы басталғаннан бері 5 оқушыдан коронавирус анықталды. Олардың үшеуі – кезекші сыныптардағы бастауыш сынып шәкірттері, екеуі қашықтан оқиды. Бесеуі де індетті ата-анасы мен туыстарынан жұқтырған. Күні бүгін балаларда клиникалық көріністер жоқ, амбулаторлық ем алуда.

«Ауру шыққан сыныптардағы барлық оқушылар мен мұғалімдердің коронавирусқа тапсырған сынамалары теріс нәтиже көрсетті. Сондықтан 10 қазаннан бастап Орал қаласындағы №9 орта мектебінің, 13 қазаннан №6 орта мектептің кезекші сыныптары өз жұмысын қайта бастады», деді А.Мыңбаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тағы бір оқушыдан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар