БҚО-да 340-қа жуық шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 338 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, асыл тұқымды репродуктор шаруашылық саны өткен жылғыдан (277) 22 пайызға өсіп отыр.

Соның ішінде 274 шаруашылық асыл тұқымды ірі қара (52,8 мың бас), 32-сі қой (28,9 мың бас), 31-і жылқы (9,9 мың бас) және біреуі түйе (265 бас) өсірумен шұғылданады.

Асыл тұқымды ірі қара мал өсіру бойынша облыс республикада үздік үштікті түйіндеп отыр.

Өңірде мал басы тұрақты өсуде. Өткен жылдың сегіз айымен салыстырғанда, ірі қара – 7,1, жылқы – 13,9, қой – 1,5, ешкі – 5,3, түйе 1,8 пайызға көбейді.

«Жалпы, барлық ірі қара мал басы бойынша облыс елімізде 4-орында тұр. Соның ішінде етті бағыттағы ірі қараны өсіру жөнінен алдыңғы лекте келеді. Өңірде негізінен етті бағыттағы мал ұсталады. Бұл бағытта әлеуетіміз жоғары болғандықтан, алдағы уақытта да осы етті мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілмек», деді облыс басшысы.

Ірі қараны жай көбейтіп қана қоймай, тұқымдық түрлендірудің маңызы зор. Тұқымдық түрлендіруге облыс бойынша 162,3 мың бас аналық мал тартылды (жоспар – 208,1 мың бас, 78 пайыз), бұл жалпы аналық мал басының 55,5 пайызын құрайды. Бұл жөнінен БҚО республика бойынша ең жоғары көрсеткішке ие.

Тұқымдық түрлендіру жергілікті тауарлы малдың сапасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беруде. Мысалы, ірі қараның орташа тірілей салмағы соңғы үш жылда 336 кг-дан 345 килограмға дейін өсті.

Мал басының көбеюіне «Сыбаға» секілді мемлекеттік бағдарламалар өз ықпалын тигізуде. Жыл басынан бері өңірге 1109 бас ірі қара әкелінді. Соның 41,6 пайызы асыл тұқымды абердин-ангус, 41,1 пайызы герефорд, 17,3 пайызы қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдарына тиесілі.

«Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университеті ғалымдарымен бірлесе отырып, мал шаруашылығында селекциялық әдістердің пәрменділігін арттыру, етті мал шаруашылығында модельді ферманы ашу арқылы жоғары технологияларды енгізу, жоғары өнімді жайылымдарды іске қосып, оларды тиімді пайдалану бағытында ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Мұның бәрі мал шаруашылығын дамытуға серпін бермек», деді Ғ.Есқалиев.


Соңғы жаңалықтар