БҚО-да 3,5 тонна балық тиелген автокөлік ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Бекіре-2019» жедел алдын алу шарасы барысында 3,5 тонна балық тиелген автокөлік ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 5 сәуір күні шамамен сағат 02.40-та Орал-Атырау жолы бойында орын алды.

Ақжайық ауданы Чапаев ауылы тұсында 1980 жылғы А. деген азамат айдап келе жатқан «ГАЗ-53» автокөлігі тоқтатылды. Оның 3,5 тоннадай қара балықты тиісті құжаттарсыз тасымалдағаны анықталды.

Ақжайық аудандық полиция бөлімі аталған дерек бойынша ҚР ҚК 196-бабы 1-бөлігіне сәйкес (көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

Балықтың қайдан алынғандығы тексерілуде.

Өңірде Жайық-Каспий бассейні аумағында 1 сәуір - 31 мамыр аралығында «Бекіре-2019» шарасы өткізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тоғанда үш тоннадан астам балықтың қырылып қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар