БҚО-да 29 жастағы жігіт газ тапаншасынан жарақат алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда ер адам бұрынғы әйелінің күйеуін газды тапаншадан жарақаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 6 ақпан күні кешкісін болды.

Оралда 33 жастағы ер адам бұрынғы әйелінің үйіне келіп, екеуіне ортақ 7 және 5 жастағы балаларын көргісі келген. Содан жанжал туындап, оған әйелдің қазіргі күйеуі араласқан. Сол кезде ер адам газды тапаншамен атып жіберген. 29 жастағы жігіт күйік жарақатын алған.

Қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігіне (бұзақылық) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жедел жәрдем Ш.Айталиев көшесі, 3-үйге сағат 20.13-те шақырылды. Маңдай тұсынан жарақат алған 29 жастағы жігіт қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

Ауруханадан түскен мәліметке қарағанда, оның бас сүйектері зақымданбаған. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін жігіт ауруханаға жатудан бас тартты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жастар төбелесіп, біреуі көз жұмғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар