БҚО-да 20 млрд теңгеге алыс аудандарға 129 шақырым жол салынады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Биыл шалғайдағы Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын жолды жөндеуді жалғастыруға республикалық бюджеттен 20 млрд теңге бөлініп, 129 шақырым жол салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев тұрғындармен есептік кездесуінде мәлім еткендей, өткен жылы осы екі аудан бағытындағы жол құрылысы пандемияға байланысты кешеуілдесе, биыл қарқын алатын болады.

Өңір басшысының айтуынша, 2020 жылы 42,3 млрд теңгеге 436 шақырым жол жөнделді.

Өткен жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу үшін 12,7 млрд теңге жұмсалып, 192 шақырым жол жөнделді. 2021 жылы осы бағытта 220 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда.

«Елді мекендердің жолдарын жөндеу бойынша да айтарлықтай жұмыс атқарылды. Өткен жылы 101 шақырым ауылішілік жолдар жөнделді. Бұл – соңғы 5 жылдағы ең жақсы көрсеткіш. 2020 жылы Орал қаласының 46,2 шақырымды құрайтын 41 көшесіне асфальт төселді. «Мұнай базасы» ауданындағы көпір қайта іске қосылды. Облыс орталығында жолдарды жөндеуге биыл 560 млн теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта 2021 жылға облыс бойынша 41,5 млрд теңге қаражатқа 378 шақырым жолды жөндеу көзделуде», деді Ғ.Есқалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұрғын үйлерді іске қосу 9,1 пайызға артқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар