БҚО-да 2 мыңнан астам ірі қарадан бруцеллез ауруы анықталды
2022 жылғы 12 мамыр 22:33

БҚО-да 2 мыңнан астам ірі қарадан бруцеллез ауруы анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 243 мың бас ірі қараға зерттеу жүргізіліп, соның 2 085-інен бруцеллез анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетовтің мәлім еткеніндей, малдың зақымдану көрсеткіші – 0,9 пайыз (өткен жылы осы мерзімде – 1 957 бас, 1 пайыз).

Оның айтуынша, сондай-ақ зерттелген 76 мың бас ұсақ малдың 109-ынан бруцеллез (0,1 пайыз) табылды.

-Барлық санитарлық малдар союға уақтылы тапсырылып отыр. 2022 жылға облыс бойынша ауру жануарларды санитариялық союды ұйымдастыру қызметіне 32,9 млн теңге қаржы қарастырылды. Ақпан айында басқарма мен аудандық ветеринарлық станциялар арасында мемлекеттік сатып алу келісім-шарттары рәсімделді, - дейді басқарма басшысы.

С.Нұрмағанбетовтің сөзіне қарағанда, эпизоотияға қарсы ветеринарлық іс-шаралар аясында аса қауіпті аурулардың алдын алу үшін мал егу ісі тұрақты ұйымдастырылып келеді. Мысалы, қазіргі кезде түйнемеге қарсы 291 мың бас ірі қараны, 150,8 мың бас ұсақ малды вакцинациялау жұмысы жүргізілуде.

Жыл басынан бері жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының 8 ошағы (біреуі – қарасан, жетеуі – инфекциялық ринотрахеит) тіркелді. Мұның өткен жылдардағы осы кезеңмен (2020 жылы – 62 ошақ, 2021 жылы – 11) салыстырғанда, азайып келе жатқаны байқалады.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, облыс аумағында ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ветеринария саласына 2021 жылы 1 млрд 363 млн, биыл 1 млрд 371 млн теңге бөлінді.

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының аясында ветеринария қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру көзделген. Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына өзгерістер енгізіліп, биылғы 1 қаңтардан бастап ветеринариялық станциядағы ветеринар мамандардың еңбекақысы орташа есеппен 23 пайызға өсті.

«Облыста 12 аудан мен Орал қаласында барлығы 13 ветеринарлық станция болса, қазіргі кезде 39 орын бос тұр. Бұл ветеринарлық дәрігерлер жетіспейді деген сөз емес. Жыл сайын Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ветеринария факультетінен мамандар оқып шығып жатыр. Алайда жастар ауылға барғысы келмейді», деді С.Нұрмағанбетов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қаңғыбас ит-мысықты биозарарсыздандыруға 65,5 млн теңге бөлінгенін жазған болатынбыз.



Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT