БҚО-да 2,5 мыңнан астам киік мүйізі тәркіленді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Киік» жедел алдын алу шаралары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 1-31 желтоқсан аралығында өткізілетін шара мақсаты – киіктерге қатысты браконьерлік деректерді анықтау және олардың алдын алу, киік мүйіздерінің заңсыз айналымына тосқауыл қою.

Жыл басынан бері өңірде 37 қылмыстық іс тіркелсе, соның алтауы заңсыз аулау, 31-і сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз қолданғаны үшін қозғалды.

Қылмыстық істерді сотта қарау барысында 8 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың жекелегені бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуде.

Құқық бұзушылардан 2,5 мыңнан астам мүйіз тәркіленіп, 480-нен астам атылған киік ұшасы табылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да заңсыз киік аулаумен айналысқан екі қылмыстық топтың ұсталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар