БҚО-да 17 соғыс сарбазының сүйегі табылып, туыстары іздестіріліп жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО-ның Бөкей ордасы ауданында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан 17 сарбаздың сүйегі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тасқала ауданы Мерей ауылында тұратын М. Мәметова атындағы іздестіру жасағының командирі Сергей Лапшин мәлім еткендей, аталмыш ауданда биыл да іздестіру жұмыстары жүргізілді.

Соның нәтижесінде іздестіру тобы соғыс кезінде жау бомбасынан мерт болған 17 жауынгердің сүйегін қазып шығарды.

С. Лапшиннің сөзіне қарағанда, бұлардың бәрі де 93-артиллерия дивизионының жауынгерлері болуы керек. Олар Сталинград майданына бара жатқан кезде бомбалауға тап болып, қаза тапқан секілді. Сүйектен өзге қасық, улы газға қарсы қолданылатын тұмша шықты.

«Қазіргі таңда осы сарбаздардың тума-туыстары іздестірілуде. Өткен жылы 15 жауынгердің сүйегі табылып, Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында қайта жерленген болатын. Биыл солардың бірі - Влас Головконың туысы Виктория Лисняк Украинадан хабарласты. Влас Головко оның анасы Зинаида Курилоның ағасы екен. Сондықтан жақыны жерленген жерден бір уыс топырақ беріп жіберуді өтінді. Күні бүгін осы мәселемен айналысудамын», деді ҚазАқпарат тілшісіне С.Лапшин.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Сталинград майданына тиіп тұрғандықтан, БҚО-ның Орда (қазіргі Бөкей ордасы), Жәнібек аудандары соғыс жағдайында деп жарияланғаны белгілі. Жау ұшақтары осы аудандар аумағын, әсіресе, теміржол бойын жиі бомбалап, соның салдарынан жауынгерлермен қатар тұрғындар да қаза тапқан еді. Соғыстың аяқталғанына 75 жыл өтсе де, шайқас іздері әлі сайрап жатыр.

Ескесала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соғыс кезінде қаза тапқан 15 жауынгердің сүйегі қайта жерленгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар