БҚО-да 13 майдангердің сүйегі табылды

None
None
БӨКЕЙ ОРДАСЫ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы ауданында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қыршын кеткен 13 сарбаздың сүйектері табылды. Бұл туралы ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаңқаларды кезекті қазба жұмыстары барысында облыстық іздеу жасағы тауып, жер бетіне шығарды. Осыдан 77 жыл бұрын Сталинград майданының тылы болған Жәнібек, Сайқын, Шоңғай станциялары жау ұшақтарының толассыз шабуылына ұшырап тұрған. Адамдар қаза тапқандардың денелерін бомба орындарына тастап, топырақпен асығыс көміп отырған.

Мамандардың мәліметінше, енді майдангерлер сүйектерінің кімге тиесілі екендігі анықталуы тиіс. Себебі тарихи деректер бойынша, дәл осы №365 разьезд маңында 1942 жылдың 4 қазанында Сталинградқа бет алған Тынық Мұхиты флотының теңізшілері мінген эшелонға бомба тасталып, 38 теңізші бақилық болады.

Атап өтілгендей, табылған түймелердегі зәкірдің суреттеріне, өзге де бұйымдарға қарап, бұл жер теңізшілердің көмілген орны деуге негіз бар.

«Тынық Мұхиты флотының теңізшілері болуы мүмкін. Себебі, түйме табылды, онда зәкірдің суреті бар. Бұл арнайы айыру белгісі. Құрлық әскерінде гимнастеркаларының түймесінде әрдайым жұлдыз болатын. Ал мында, теңізшілерде зәкірлер бар. Сондай-ақ теңіз армиясының бушлаттарының ілгектері табылды. Бүгін екеуін жер бетіне көтердік. Жұмыстар жалғасуда», - деді өлкетанушы Жұбан Ғұмаров.

Соңғы жаңалықтар