БҚО-да 111 инвестициялық жоба пулы жасақталды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жалпы құны 1,9 трлн теңгеге 111 инвестициялық жоба пулы жасақталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «қазіргі таңдағы біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу» деп нақты айтқан болатын. Облыс экономикасының негізгі салалары бойынша 4 айдың қорытындысында былтырмен салыстырғанда тұрақты өсімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі – 20,6, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 4,7, құрылыс жұмыстарының көлемі - 34, тұрғын үйлерді іске қосу – 2,1, негізгі капиталға инвестициялар 34,6 пайызға өсіп отыр»,- деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, жалпы өңірлік өнімнің өндірілген көлемі 2022 жылдың 9 айының қорытындысында 1,3 пайызға өсіп, 2 трлн 876 млрд теңгені құрады. Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында жалпы құны 1,9 трлн теңгеге 5 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 111 инвестициялық жоба пулы жасақталды. Оның ішінде 2023 жылы 46 млрд теңгеге 1 300 жұмыс орын құрумен 54 жоба іске қосу жоспарланған. Бүгінгі күні 14 млрд теңгеге 500-ге жуық жұмыс орнын құрумен 12 жоба іске қосылды.

«Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың қатысуымен өңірде бірқатар жобалар қолға алынуда. Атап айтсақ, КПО б.в. компаниясымен Қарашығанақты кеңейту жобасының Iкезені 5-ші компрессорды орнату жұмысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі 970 млн АҚШ долларды құрайды. Ал II кезеңі бойынша 6-шы компрессорды орнату бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Инвестиция көлем – 735 млн АҚШ доллары», - деді Нариман Төреғалиев.

Облыс басшысының дерегінше, релокация аясында шетел капиталының қатысуымен кабельді өнімдер үшін фланецтар өндірісі, фанера, терезе жақтауы мен төсеніші мен есіктер өндірісі сияқты 152 жұмыс орнын құрумен 3,5 млрд теңгеге 4 жоба іске асырылып жатыр.

«Осы жылдың маусым айында құны 1,4 млрд теңгеге 100 жұмыс орын құрумен бигбэг өндірісі жобасы іске қосылатын болады», - деді облыс басшысы.


Соңғы жаңалықтар