БҚО бюджеті өзгерістерімен 94 млрд. 364,8 млн. теңгені құрады

None
None
ОРАЛ. 5 сәуір. ҚазАқпарат - 4 сәуір күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті ІІ сессиясы болды.

Сессияда 2011-2014 жылдарға арналған облыс бюджетіне және облыстың 2011-2015 жылдарға арналған аймақтық даму бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Руслан Бектемірдің айтуынша, жеке табыс және әлеуметтік салық бойынша болжамның орындалмауына байланысты шығынды өтеу мен экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен мақсатты трансферт ретінде 15,9 млрд. теңге бөлініп отыр. Осыған байланысты бюджеттің кіріс және шығыс бөлігіне өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, 2747,1 млн. теңге көлемінде мақсатты трансферт түрінде шығынның орнын толтыру жолымен Бөрлі ауданы мен Орал қаласы бюджеттерінің кіріс бөлігі бойынша болжам азаяды. Осыған орай облыстық бюджет 18898,8 млн. теңгеге нақтыланды.

Түрлі өзгерістерімен кірістер мен шығыстар бойынша облыс бюджеті 94 млрд. 364,8 млн. теңгені құрады.

Сондай-ақ сессияда депутаттардың бірауыздан келісімімен жер телімі үшін төлемақының базалық ставкасы бекітілді. Бұдан өзге облыстық мәслихаттың регламенті қабылданып, кейбір облыстық комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді. Депутат Амангелді Таспихов облыс аумағындағы су қоймаларының қазіргі жағдайы және балық қорын сақтау, әуесқой балықшыларға рұқсат берудегі кемшіліктер туралы мәселе көтерсе, оның әріптесі Аманжол Зинуллин көктемгі құс ату маусымын биыл шектеп, алдағы жылдары оған мүлдем тыйым салу жөнінде депутаттық сауал жолдады. «Қар жаңа кетіп, жер дегдімей жатқанда, аңшылар дала жолдары мен алқаптарды бүлдіреді әрі ұябасар құстарды үркітіп, құс миграциясына зиянын тигізеді», деп түсіндірді депутат.

Сессия соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлеп, облыс бюджетінің жаңа нұсқасын бекітіп, алдағы жұмыстарға жол ашқан депутаттарға алғыс айтты. Сондай-ақ депутаттар көтерген мәселелер жан-жақты талқыланып, әр тараптың пікірі ескеріліп, оң шешім қабылданатынына сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар