БҚО бюджеті 118,2 млрд. теңгеге жетпек

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 2015 жылға арналған БҚО бюджеті кірістері мен шығындарының жалпы көлемі 118,2 млрд. теңгені құрамақ. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХІ сессиясында БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Руслан Бектемір мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, соның ішінде республикалық бюджеттен бөлінетін мақсатты трансферттер мен несиелер - 53 602,8 млн. теңге. Облыстық бюджеттің негізгі арнасы әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау және білім беруге, өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған. Аталған мақсатқа шамамен 60,4 млрд. теңге қарастырылған. Бұған қоса ауыл шаруашылығын дамытуға шамамен 5,8 млрд., көлік инфрақұрылымына 6,9 млрд. теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ білім беру саласы бойынша екі, денсаулық сақтау бойынша бір нысанды салу, дене шынықтыру және спорт, көлік инфрақұрылымын дамыту, ауылдық елді мекендерді сумен қамту, тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту секілді бірнеше бағытта қаржы қаралған.

Аталған сессияда 2015-2017 жылдарға арналған өңір бюджеті қабылданумен бірге 2014-2016 жылдардың бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2014 жылғы өңір бюджеті республикалық бюджеттен түсетін қаржының нақтылануына байланысты 1,4 млрд. теңгеге, соның ішінде мақсатты трансферттер бойынша 298,3 млн. теңгеге кеміді. Осыған байланысты білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, табиғат пайдалану саласына кететін шығындар қайта бөлінді. Осы өзгерістермен биылғы облыс бюджеті 112,9 млрд. теңгені құрап отыр.

Сессияға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкеновтің атап өткеніндей, үш жылдық бюджеттің қабылдануы Елбасы Жолдауында алға қойылған мақсат-міндеттер үдесінен шығуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар