БҚО: бруцеллезге шалдыққан 1 мыңнан астам мал көрші өңірлерге шығарылған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл малдың бруцеллезге шалдығуы 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 14 пайызға артты.

Соңғы екі жылда осы дерттің тырнағына іліккен 13 мың ірі қара сойылды. Бұл туралы облыс прокуроры Серік Қарамановтың төрағалық етуімен өткен БҚО прокуратурасының алқа отырысында айтылды.

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сонымен қатар ветеринарлық қызмет саласында көптеген заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, малдың есебі, аурудың алдын алу шаралары дұрыс жүргізілмейді. Оған қоса бақылаудың жоқтығынан бруцеллезге шалдыққан мал арнайы орындарда мәжбүрлеп сойылмайды. Ең сорақысы, 2013-2014 жылдары көрші облыстарға 1 мыңнан астам ауру мал шығарылған. Мәселен, 2013 жылы Зеленов ауданындағы «Азамат» шаруа қожалығы бруцеллезбен ауырған 111 бас ірі қараны Ақтау қаласына апарып өткізген. Сондай-ақ ветеринарлық инспекторлардың әрекет жасамауы салдарынан ірі қараны арнайы орында соймай, заңсыз тасымалдаған 382 кінәлі адам әкімшілік жауапкершіліктен жалтарып кеткен. Мал дәрігерлерінің 2 мыңнан астам үй жануарын еккені жөнінде формальды түрде акт толтырғаны анықталды.

Осындай жауапсыздықтың салдарынан өңірде жыл сайын адамдардың да бруцеллезбен ауыруы тіркеліп отыр.

Прокурорлық тексерістердің нәтижесінде 40 ұсыным енгізіліп, 56 адам әкімшілік, 92-сі тәртіптік, 5 тұлға сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқықбұзушылыққа барғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 3 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Прокуратура ұсынысынан кейін облыс әкімдігінің қолдауымен ауру малды тасымалдау бағытында «КамАЗ» ныспылы 16 арнайы автокөлік сатып алынды. Малды санитарлық сойғаны үшін шығынның орнын толтыру мақсатында қосымша 187 млн. теңге бөлу жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолданды. Сондай-ақ алдағы жылы тексерілетін мал басы көбейтілетін болады.

Соңғы жаңалықтар