БҚО: Біз, Қазақстан жастары - үлкен күшпіз - И.Спиридонов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Біз, Қазақстан жастары - үлкен күшпіз. Облыста 157 мың болсақ, елде 4,5 миллионбыз, бұл - халықтың 25 пайызы, сондықтан да біз бұдан жиырма жыл бұрын Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы аясында үздік оқып, белсенді еңбек етуге тиістіміз. Бұл туралы Оралдағы Жастар мәдениет үйінде этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен, студенттер мен оқушылардың қатысуымен өткен «Менің елім - менің тағдырым!» атты шарада Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы жастар қанатының төрағасы Игорь Спиридонов мәлім етті.

Оның айтуынша, ассамблеядай ұлтаралық келісімнің бірегей үлгісін жастар одан әрі дамытуы керек. Қазақстанда тұратын көп ұлт өкілдерінің бір-біріне деген құрметі, олардың тарихы мен мәдениетін зерттеу, бірлік пен бауырмалдық біздің туыстығымызды одан сайын бекіте түседі. Әсіресе, ел болашағы саналатын жастар өз табыстарымен қуантып, қоғамда салтанат құрған татулық пен келісімді нықтай алады.

Татар және «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестіктерінің басшылары Альфия Лежнина мен Данильбек Саратов, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық техникалық университеті «Достық» клубының жетекшісі Мейрамгүл Сралиева ассамблея тарихы елдің бай шежіресімен біте қайнасып жатқандығын, ұлтаралық келісім оның басты табысы екендігін атап өтті.

Шара концерттік бағдарламаға ұласып, онда Жастар мәдениет үйі мен этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары әр тілде ән салып, Қазақстанды мекендейтін халықтардың билерін биледі.

Соңғы жаңалықтар