БҚО: «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасын» жаңақалалықтар қабылдап алды (фото)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚХА жылы аясында Батыс Қазақстан облысында ұйымдастырылған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» эстафетасын Жаңақала ауданы Бөкей ордасынан қабылдап алды.

Бөкей ордасы ауданының делегациясы алдымен күйшілер аллеясы, Мәңгілік алау ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, айтулы төрт мереке - Қазақ хандығының 550 жылдығы, ҚХА мен Ата заңның 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Жаңақала ауданы құрған ақшаңқай киіз үйлерде болып, ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекеге арналған қойылымдарды тамашалады. Көрісу айтымен тұспа-тұс келгендіктен, осы салт-дәстүрге байланысты қойылымдар да көрсетілді.

Бөкейордалық көркемөнерпаздар қойған концерт те ерекше әсер қалдырды. Шара шымылдығы тарихи Орда өлкесінің тыныс-тіршілігімен таныстырған бейнебаянмен ашылған соң, бөкейордалық өнер шеберлері сан тілде ән салып, би билеп, жырдан шашу шашты. Бөкей ордасы халықтық ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Түркештің «Көңілашары», Н.Тілендиевтің «Махамбет» поэмасы, Махамбеттің «Жұмыр қылышы», Д.Шостаковичтің «Вальс №2» туындыларының сырлы да сиқырлы сазы көрерменді бірден баурап алды. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған арнайы қойылым тарих қойнауынан сыр тартты. Достық, татулық, бірлік пен берекені паш еткен өнер мерекесінде өзге ұлт өкілдерінің ән-жыры да әуеледі. Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов бөкейордалық әріптесі Нұрлан Рахымжановқа алғысын айтып, өнерлерімен өрге жүзген бөкейордалық өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, ықылас гүлін тарту етті. Эстафета аясында Жаңақала аудандық қоғамдық келісім кеңесінің бірінші форумы өткізіліп, онда аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали баяндама жасады. Ауданда барлық округтерде қоғамдық келісім ұйымдарының құрылып, жанды жұмыс жасап жатқаны атап өтілді. Оған қоғамдық ұйымдар, ардагерлер белсене қатысуда. Көршілес Ақжайық, Қазталов, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарының әкімдері Нариман Төреғалиев, Нұрлан Бекқайыр, Нұрлан Рахымжанов, Лавр Хайретдинов, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов ел бірлігін одан әрі нығайту бағытындағы ойларымен бөлісті. Форум соңында ұсынба қабылданды. Жаңақалалықтар енді аталған эстафетаны 19 наурызда Ақжайық ауданына тапсырмақ.

Соңғы жаңалықтар