БҚО: Березов мәселесі назардан тыс қалмайтын болады (фото)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Өткен жылғы 28 қарашада Бөрлі ауданының Березов ауылында мектеп оқушылары мен бірнеше ересек адамның жағдайы күрт қиындап, аудандық ауруханаға жеткізіліп, тиісті ем алғаны белгілі.

Осы оқиғаға орай республикалық, облыстық деңгейдегі комиссиялар құрылып, жұмыс жасады. Тексеріс қорытындыларын жариялау мақсатында республикалық комиссияның жетекшісі, ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған жұмыс тобы Березов ауылы тұрғындарымен кездесті.

ҚР Энергетика министрлігі мұнайгаз кешеніндегі мемлекеттік инспекция және экологиялық реттеу комитетінің төрағасы Талғат Момышевтің мәлім еткеніндей, Қарашығанақты игеруші «ҚПО б.в.» компаниясы тарапынан ауаға газ жіберу фактісі орын алған. «Өткен жылғы 27 қарашада сағат 18.30-да газды жер қыртысына кері айдайтын УКПГ-2 және УКПГ-3 қондырғыларында электр қуаты айырылып қалған. Соның салдарынан көлемі 23 мың текше метр газ автоматты түрде ашық алау арқылы ауаға жіберілген. Бұл шара кеніште жарылыс қаупін болдырмау үшін «Жер қойнауын пайдалану туралы» Заңға сәйкес атқарылған. Мұндай әрекеттердің барлығы дереу бақылаушы органдарға хабарланады. Тағы бір айта кететін жағдай - «ҚПО б.в.» компаниясының 2014 жылы 91 млн. текше метр газды жағуға рұқсаты бар. Ол технологиялық қажеттіліктен туындайды. Сондай-ақ тексеріс барысында ауадағы күкіртсутектің және басқа да зиянды заттардың мөлшерін анықтайтын экологиялық мониторинг стансаларын орнату жұмысы дұрыс жүргізілмегендігі белгілі болды. Нақты айтқанда, жерден 1,5 - 2,5 метр биіктікте орнатылуы тиіс станса 4 метр биіктікте қойылған. Күні бүгін «ҚПО» оны қалыпқа келтірді. Бұдан бөлек, еліміздің экологиялық заңнамасы талаптарын бұзуға қатысты бірнеше факті анықталып, 2014 жылы «ҚПО б.в.» компаниясына 2 млрд. 300 млн. теңге әкімшілік айыппұл салынды және қоршаған ортаға келтірілген залалды жою үшін 7,5 млрд. теңгеге талап-арыз қойылды», - деді Т.Момышев.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнәр Құлқаеваның айтуынша, жоғары білікті дәрігер-мамандар, оның дені ғылым кандидаттары мен докторлар Березов тұрғындарының денсаулығын жіті тексеруден өткізген. Нәтижесінде 4 баланың дерті туралы диагноз әлі де нақтылауды талап етеді. Ата-аналарының келісімімен оларды С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің клиникасына жатқызу мәселесі талқылануда. Сонымен қатар үш адам облыстық ауруханада тәулік бойы ем қабылдауы тиіс. Бір науқас қосымша тексерістен өткізу үшін облыстық кардиологиялық орталыққа жолданған. «Тексеру кезінде ауыл тұрғындарының 81,3 пайызынан жүрек-қан тамыры, 19 пайызынан қант диабеті, 85 пайызынан артық салмақ дерттерінің патологиясы табылды. 338 адам диспансерлік есепте тұр. Ересектердің 40 пайызы - ас қорыту жүйесі, 36 пайызы - қанайналым жүйесі, 8 пайызы - эндокриндік жүйе, 6,3 пайызы - зәр шығару жүйесі дерттеріне шалдыққан. Балалардың дені, яғни 29 пайызы анемиямен, ауызекі тілде айтқанда, қанда темір жетіспеушілігімен ауырады. Одан кейінгі орындарда тыныс жолдары, жүйке жүйесі, сүйек-бұлшықет жүйесі және асқорыту жүйесі аурулары тұр. Бірақ, бір айта кететін жағдай - Березовтағы аурушаңдық деңгейі жалпы республикадағы орташа аурушаңдық деңгейінен жоғары емес», - деді Г.Құлқаева.

Жиын барысында «Қазгидромет» РМК бас директорының орынбасары Нұркен Сұлтанов, ҚР Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин және басқа лауазымды тұлғалар түсінік берді.

Жиынға қатысқан «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Дамиано Ратти оқыс оқиғаға алаңдаушылық білдірді. «Березовтағы жағдайдан кейін біз қолымыздан келген техникалық, әлеуметтік бағыттағы көмегімізді көрсеттік. Біздің жұмысымыз жан-жақты тексерілді. Жіберілген кемшіліктерді түзетуден қашпаймыз. Бұл - біздің алға қарай дамуымыздың кепілі. Айтайын дегенім, кеніш игеріле бастаған 1998 жылдан бері ҚПО кеніштің аумағында және аумағынан тыс жерде қоршаған ортаны қорғау шараларына 300 млн. АҚШ долларына жуық қаржы жұмсады. Енді алдағы екі жыл ішінде Бөрлі ауданындағы әлеуметтік жобаларға 30 млн. АҚШ доллары бөлінетін болады», - деді Д.Ратти.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, ата-аналардың балаларының денсаулығы үшін алаңдауы әбден орынды. Қазіргі таңда қажеттілік болса, балаларды Ақсай қаласындағы мектеп-интернатта оқыту мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалиннің түйіндегеніндей, ауыл тұрғындарының Березовты көшіру жөніндегі басты талабын түсінуге болады. Бұл екі жағдайда ғана мүмкін. Егер ол экологиялық апат аймағы болып жарияланса немесе елді мекен санитарлық қорғау аймағына кірсе, көшіріледі. Әзірге ондай негіз жоқ. Дегенмен бірнеше жылдан бері Қарашығанақ кенішін одан әрі дамыту мәселесі қарастырылуда. Атап айтқанда, ауылға жақын орналасқан УКПГ-2 ауданында газды кері айдауға байланысты жұмыс үдерісін күшейту бағытында бағдарлама жасалды. Бұл жұмыстар міндетті түрде санитарлық қорғау аймағына қатысты есептермен бірге жүргізілетін болады. Қуат мөлшері көбейген жағдайда санитарлық қорғау аймағы да кеңейтіледі. Бұған Березов ауылы да еніп кетуі мүмкін. Егер таяу уақытта осындай өзгерістер енгізілген жағдайда Березовты көшіру мәселесі де шешілетін болады. Ең бастысы, ауыл жағдайы үнемі назарда болмақ.

Соңғы жаңалықтар