БҚО: Березов ауылындағы оқиғаның себеп-салдарын анықтау жұмыстары жалғасуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөрлі ауданы Березов ауылында өткен жылғы 28 қараша күні орын алған балалардың жаппай улану себептерін анықтау жұмыстары жалғасуда.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға орын алғаннан бері Березовта жылжымалы медициналық кешен вахталық әдіспен еңбек етуде. Сондай-ақ құрамында невропатолог, эндокринолог, кардиолог, гастроэнтеролог, офтальмолог бар штаттан тыс бас мамандар бригадасы да жұмыс жасауда. Барлығы 161 адам кеңес алды. Балалар үшін 14, ересектер үшін 21 күндік демалыс ұйымдастырылды. 170 оқушының 56-сы «Ақжайық» шипажайында демалып үлгерді, 3 қаңтар күні 84-і жіберілсе, тағы 30 жеткіншек кезек күтуде. Ересектер арасында сауықтыруға жататын 50 адам Жаңақала ауылындағы ауданаралық сауықтыру орталығына жолдануда. 5 қаңтар күні республикалық «Алатау» шипажайына 10 бала аттанса, тағы 10-ы жергілікті дәрігерлердің бастауымен 13 қаңтар күні «Балбұлаққа» жіберілмек.

Тексерулер қорытындысы және облыстық, республикалық деңгейдегі мамандардың ұсынысы бойынша іріктелген пациенттер республикалық клиникаға жіберіледі. Осыған дейін Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына екі бала дәрігерлермен бірге ұшақпен кетті. 3 қаңтар күні облыстық клиникалық ауруханада 6 емделушіге компьютерлік томография, облыстық кардиоорталықта 11-іне ЭХО-кардиография жасалды. Бір күннен кейін 34 емделуші облыстық кеңес беру-диагностикалық орталықта тексеруден өткізілді. 4 қаңтар күні Алматыдағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығынан үш маман (кардиоревматолог, пульмонолог, невропатолог), бір күннен кейін Алматыдағы кардиология және ішкі құрылыс аурулары ғылыми-зерттеу институтының директоры Ф.Беркінбаев бастаған бес маман келді. 5 қаңтарға дейін Астана қаласындағы республикалық балалар сауықтыру орталығына екі бала жатқызылды.

Оқиға орын алғаннан кейін тұрғындардың бес тобынан, атап айтқанда, 68 адамнан 408 сынама алынып, тексеруге жіберілді. Бастапқы кезде сот-токсикологиялық сараптамаға 28 баладан 78 сынама алынған болатын, қазір бұлар анықталу үстінде.

Күні бүгін Березов ауылы тұрғындарына ТЖ департаменті, білім және денсаулық сақтау басқармаларының психологтары көмек көрсетуде.

ҚР Ішкі істер министрлігінің тергеу комитеті тергеу амалдарын жалғастыруда. БҚО экология департаменті ҚР экологиялық заңнамасы талаптарының сақталуына қатысты «ҚПО б.в.» компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізуде. Сондай-ақ БҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мамандары 28 қарашадан 5 қаңтарға дейін ауадан 2685 зерттеу сынамасын алды.

Облыстық топ күн сайын Березовтағы жағдайға мониторинг жасап, бақылап отыр. Оған қоса мән-жайды анықтау үшін 8-10 желтоқсан аралығында ҚР Энергетика министрінің бұйрығымен құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы да өңірде жұмыс жасады.

Еске сала кетейік, 28 қараша күні жаппай уланған 25 бала мен 4 ересек адам Бөрлі аудандық ауруханасына жатқызылған болатын. 28 қарашадан 9 желтоқсанға дейін 91 тұрғын медициналық көмекке жүгінсе, соның 75-і - бала, 16-сы - ересек адамдар. Әсіресе, 3-4 желтоқсан күндері жағдай қайталанып, екі тәулікте 44 тұрғын (32-сі - бала) медициналық жәрдем алды.

Соңғы жаңалықтар