БҚО автосалондарында тұтынушылар құқығы жиі бұзылады

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында автосалондарда тұтынушылар құқығы жиі бұзылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, осыған байланысты арыз-шағымдар түсуде.

Тұтынушылар өздері алған автокөліктердің сапасына риза емес. Алайда мемлекеттік органға жүгінбес бұрын олар автокөлік сату орындарындағы сервистік орталыққа жүгініп, мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысады. Сосын қызметкерлердің салғырттығы мен жайбасарлығы салдарынан айлар бойы жаңа көлігін ала алмайды.

Заңмен қарастырылса да, сатушылар сапасыз тауарды ауыстыруға келіспейді. Тұтынушылардың басым көпшілігі тауарды екінші деңгейдегі банктен несие арқылы рәсімдейтіндіктен, қиын жағдай туындайды.

Сол секілді автосалондар тұтынушыға қосымша жабдық алуды міндеттейді, бұл автокөлікті қымбаттата түседі.

«Мұндай іс-әрекеттер тұтынушы құқығын бұзады. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 28-бабына сәйкес бір тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алуды өзге де тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) міндетті түрде сатып алумен байланыстыруға тыйым салынады», деп хабарлады ведомстводан.

Айталық, өткен жылы автосалондардың бірінен көлік алған қыз департаментке жүгінген. Ол автокөлік құнын толықтай төлеген, техникалық құжаты мен мемлекеттік тіркеу нөмірін рәсімдеген. Алайда автокөлік қалаға жеткізілген кезде сатушы тауар қымбаттап кетті деген желеумен одан қосымша 200 мың теңге сұраған. Ол мұны тауар қымбаттап кетті деп түсіндірген. Бұдан кейін қыз сотқа жүгінбес бұрын автосалонға аталған Заңның 24-бабын түсіндіріп, шағым түсірген. Бұл бап бойынша тауардың бағалар заттаңбасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарына қойылған, көрсетілген құнына сәйкес сатушы (дайындаушы) сатуға міндетті, ал тұтынушы сатып алуға құқылы.

Тек содан соң ғана сатушы талабынан бас тартып, қыз көптен күткен көлігіне қол жеткізген.

Батыс Қазақстан облысының тағы бір тұрғыны 2021 жылдың тамызында 9,5 млн астам теңгеге көлік сатып алуға автосалонмен келісімшартқа отырған. Қазан айында 2 млн теңгесін төлеген, содан кейін автокөлік 120 жұмыс күні ішінде жеткізілуі тиіс еді. Сондықтан тұтынушы биылғы 15 сәуірден кешікпей аламын деп үміттенген. Алайда 5 сәуірде автосалондағылар тапсырыс берілген тауардың әкелінбейтінін хабарлап, алдын ала төленген қаржыны кері қайтарып алу қажеттігін айтқан.

Келесі күні тұтынушы автосалонға келсе, тапсырыс берген көлігін сатушының қоймасынан көрген.

Бұдан кейін ер адам сатушының үстінен сотқа шағым түсірген. Ол келісімге сәйкес 15 сәуірден бастап күн сайын тауар құнының 0,1 пайызы көлемінде тұрақсыздық айыбын және өтемақы төлеуді талап еткен. Сатушы ер адам келісімшартты бұзса, тұрақсыздық айыбын төлеуге келіскен. Бірақ тұтынушы айтқанынан қайтпаған. 12 шілдеде азаматтық іс өндірісі тоқтатылып, тараптар тұтынушыға тауарды жеткізу жөніндегі келісімге қол қойған.

Тағы бір тұрғынға сатушы бірқатар себепті айтып, көлікті беруден бас тартқан. Ер адам сотқа жүгініп, барлық мерзімі өткен күндер үшін тұрақсыздық айыбын төлеуге байланысты талап арызын қайтып алған.

«Уақыт өткен сайын автокөлік құны өсе түседі, салондар сөйтіп байып қалғысы келеді. Оларға тұтынушыға тұрақсыздық айыбын өтеген жеңіл, сосын сол автокөлікті 3-4 млн теңгеге қымбатқа сатады. Тұтыншылардың бәрі бірдей өз құқықтарын біле бермейді, автодилерлер соны пайдаланады», деп түсіндірді департамент мамандары.


Соңғы жаңалықтар