БҚО аумағындағы жолдардың құрылысына 30 млрд теңге бөлінді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков Батыс Қазақстан облысындағы жолдарды жөндеуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылы 248 шақырым автожол күрделі жөндеумен қамтылды», - деді А. Беков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Бұл тұрғыда «Қазталов - Жәнібек – РФ шекарасы» автожолының 145 шақырымы және «Өнеге-Бейсен-Сайқын» автожолының 103 шақырымы ескерілген.

«Биыл республикалық бюджет қаражатынан 30 млрд теңге бөлінді. Оның есебінен жыл аяғына дейін автожолдың бүкіл ұзындығы бойынша көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл нысандарда жол-құрылыс материалдарын дайындау жұмыстары атқарылып жатыр», - деді комитет басшысының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 92 пайызға және жергілікті желі бойынша 87 пайызға дейін жеткізілмек.

Жыл аяғына дейін «Орталық – Оңтүстік» дәлізі бойынша жол учаскелері ашылады.


Соңғы жаңалықтар