БҚО аудандарында дәрігер мамандар жетіспейді

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының аудандарында дәрігер мамандар жетіспейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибековтің айтуынша, аудандарда 25 хирург жұмыс істейді.

Ал Теректі аудандық №2, Казталов аудандық №2 және Қаратөбе аудандық ауруханасында хирургтар жоқ.

Сол секілді Қаратөбе, Сырым, Жәнібек, Шыңғырлау, Тасқала аудандарында анестезиолог-реаниматологтар болмай отыр.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, ауыл тұрғындарына хирургиялық көмек көрсету үшін облыстық клиника мамандарынан құралған көшпелі бригадалар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, хирург мамандар Қаратөбе, Жәнібек, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарына шықты.

«Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде және Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 14 резидент оқып жатса, соның төртеуі – хирург, бесеуі – анестезиолог. Аудандық ауруханаларды кадрлармен қамту ерекше бақылауда. Осы орайда аудан әкімдері тарапынан да тұрғын үй беру, біржолғы төлемақы төлеу сияқты түрлі қолдау шаралары қабылданса, дұрыс болар еді», деді А.Қалыбеков.

Облыста денсаулық сақтау саласында барлығы 1716 дәрігер, 6576 орта буын медицина қызметкері жұмыс жасайды.

Кадр мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджет есебінен медицина университеттерінде 169 студент білім алуда.

2021 жылы жергілікті қазынадан резидентурада оқуға 15 маманға және медицина университеттерінде білім алуға абитуриенттерге 50 грант бөлінсе, биыл түлектер үшін грант саны 60-қа жеткізілмекші.

Биылғы сәуір айында облыстық көпбейінді аурухана базасында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филиалы ашылып, онда резиденттер 13 бағыт бойынша білім алып, машықтанудан өтпекші. Қазір онда 39 маман біліктілігін жетілдіруде.

Республикалық бюджеттен БҚО-ға резидентураға 26 мамандық бойынша 82 грант бөлінді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын хирург Ербол Есеевтің хал үстінде жатқан науқасты құтқарудан артық абырой жоқ екендігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар