БҚО: Асхат Шахаров Зеленов ауданына әкім болып келді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Президент Әкімшілігінің және Зеленов ауданы мәслихаты депутаттарының келісіміне сәйкес ротациялау бойынша өңір басшысы Алтай Көлгіновтің өкімімен Асхат Берлешұлы Шахаров Зеленов ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов жаңа басшыны аудан активіне таныстырып, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын, сондай-ақ «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа салалық бағдарламаларға сәйкес алға қойылған іс-шараларды осы ауыл-аймақтың халқымен бірге сапалы атқаруды тапсырды.

А.Шахаров 1978 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, 1999 жылы Қазақ мемлекеттік туризм және спорт академиясын дене шынықтыру пәнінің оқытушысы - спорт бойынша жаттықтырушы, 2002 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін халықаралық экономист мамандығы бойынша бітірген. 2013 жылы РФ Президенті жанындағы Ресей Мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясын тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Самбодан үш мәрте әлем чемпионы, екі дүркін әлем кубогының иегері, дзюдодан дүниежүзілік біріншіліктің қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.

Атақты спортшы еңбек жолын 2000 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде спорт пәндері кафедрасының аға оқытушысы болып бастады. 2005 жылдың қараша айынан Ақтөбе педагогикалық институты дене тәрбиесі кафедрасының доценті. 2007 жылдың сәуір айынан Ақтөбе облыстық олимпиадашылар резервін дайындау орталығының директоры. 2013 жылдың маусым айынан бері БҚО Қаратөбе ауданының әкімі қызметін атқарды.

Айта кетейік, осыған дейін Зеленов ауданын басқарған Кәрім Жақыпов бүгін ротациялау тәртібімен Теректі ауданының әкімі болып ауысты. 

Соңғы жаңалықтар