БҚО: Алыс аудандар үшін қатқыл табанды жол өзекті мәселе күйінде қалып отыр (фото)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы облыс орталығынан шалғай жатқан оңтүстік аудандар болып есептеледі. Осы үш аудан үшін де ортақ өзекті мәселенің бірі жол деп айтуға болады.

Ауылдарды айтпағанда, тіпті осы аудандардың орталықтарына дейін қатқыл табанды жол әлі күнге төселмеген. Әсіресе, көктемгі және күзгі лайсаң уақыттарда бұл ауыл-аймаққа жету мүлдем қиын. Талайдан жыр болып келе жатқан осы «сақалды» мәселе тек кейінгі жылдары ғана шешіле бастады. Бұл туралы Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының әкімдері Нұрлан Бекқайыр, Мұрат Мұқаев және Нұрлан Рахымжановтың биылғы тұрғындармен есептік кездесулерінде де сөз болды.

Н.Бекқайырдың мәлім еткеніндей, Қазталовта өткен жылы «Чапаев-Жалпақтал-Қаз­­­та­лов-РФ шекарасы» автомобиль жо­­лы жобасына республикалық бюд­жеттен бөлінген 2 млрд. теңгеге 14 шақырымдық жол күр­делі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ ел қазынасы есебінен 1 млрд. 179 млн. теңге қаражатқа облыстық ма­­­ңы­зы бар «Алғай-Жалпақтал-Жұл­дыз-Қарасу» автомобиль жолы­ның 71-73 шақырымы, Қараөзен ауылына кіреберіс жол реттеліп, Қара­өзен, Жалпақтал ауылдарының көшелеріне қатқыл табанды жол төселді. Облыстық бюджеттен бөлінген 64 млн. 634 мың теңгеге осы автомобиль жолының 148 ша­қырымындағы жасанды құры­лы­мы күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында аудан орталығы мен Бостандық және Қошанкөл ауылдарындағы 7,35 ша­­­қырымдық ауылішілік жолдар кө­те­рілді.

Қазталов ауданындағы есептік кездесуге қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл жұмыс биыл да жалғасып, Чапаев-Жал­пақтал-Қазталов-Жәнібек күре жо­лы­ның 15 шақырымына қатқыл табанды жол төселетінін жеткізді. Оған қоса Орал-Тасқала бағытын­дағы жолдың 23 шақырымына күр­­делі жөндеу жұмыстары жүргі­зіл­мек.

Жәнібек ауданының әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, өткен жылы республикалық бюджет есебінен Жәнібек-Қазталов автожолының 20 шақырым бөлігіне басталған күрделі жөндеу биыл жалғасады. Былтыр 271 шақырым автожол аудандық бағыныстылыққа алынып, жылдар бойы қиындық тудырып келген 17 шақырым жол бөлігі тегістеліп, қалпына келтірілді. Биыл осы бағыттағы жолдың қалған 12 шақырымы жөнделетін болады.

Тұрғындар атап өткеніндей, осы орайда облыс орталығымен қарым-қатынастан бөлек ауданішілік жолдар да ұмыт қалмауы тиіс.

Өңірдегі ең шалғай аудан Бөкей ордасында жол қатынасы тіпті қиын деп айтуға болады. Алдағы уақытта Орал-Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-Өнеге арқылы салынатын қатқыл табанды жол ауданның біраз бөлігін қамтымайын деп отыр. Осы жөнінде қынжыла айтқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Таңатов Бисен, Темір Масин, Ұялы, Саралжын ауылдық округтері бағытындағы жолдарға тым болмаса қиыршық тас төселсе деген тілегін жеткізді.

Әрине, аталмыш жиындарда тұрғындар тек жол ғана емес, өзге де көкейкесті мәселелерді көтеруде. Елбасы Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесулерін өткізудегі мақсат та онда айтылған сын-ескертпелерден дер кезінде қорытынды шығарып, алдағы іс-жоспарларға орнықты өзгерістер енгізіп, оны орындай білуде болса керек.

Соңғы жаңалықтар