БҚО: Ақжайықтағы бірегей ет өңдеу кешені қозы етін экспортқа шығаратын болады (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 4 ақпан күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылы маңында құрылысы аяқталып келе жатқан «Батыс Марқа Ламб» ЖШС-ның ет өңдеу кешенінде болды.

«КазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржылай қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл бірегей жоба марқа қозы етін экспортқа және өз елімізге шығаратын болады. Өңір басшысы оның қозы сою, тоңазытқыштар, вакуумдық орамдар желілерінің ертеңгі өніктілігіне назар аударды, ветеринариялық, зертханалар жұмысының мүлтіксіздігі де аса маңызды екені жайында мамандармен әңгімелесті. Итальяндық жабдықтармен қалдықсыз жұмыс жасайтын кешеннен қозы еті тұтынушыларға стерильдік тазалықпен ұсынылады. Технология өнімнің қасиеті 40 күн бойы сақталуына мүмкіндік береді.

«Батыс Марқа Ламб» ЖШС директоры Бақытжан Кескінбаевтың айтуынша, 6600 шаршы метр аумақты алып жатқан комбинатта тәулігіне 1400 бас марқа еті өңделмек, іске қосылған соң біртіндеп екпін ала отырып, жылына 350 мың бас қуаттылығына үшінші жылы жетпек. Мұндай, яғни сойылған бойда салқындатылған марқа етін шығаратын технологияның басы - Италияда, алыс-жақын басқа елдерде баламасы жоқ осындай ірі жоба үшін Ақжайық ауданының таңдалып алынуы тегіннен-тегін емес. Республикада қой шаруашылығын дамытудағы бұрынғы даңқты қайтару бағытында жұмыстар атқарылуда. Бір кезде елімізде Шопан ата түлігінің саны 40 миллионға таяғаны белгілі. Енді саланың әлеуетіне оралуға, алыс жайылымдарды қалпына келтіруге кезек жетті. Етті-майлы, етті-жүнді қойға қатысты мүмкіндік Ақ Жайық атырабында да баршылық. Сонымен қатар Чапаевтың тоғыз жолдың торабында болуы ұтып тұр. Сайрап жатқан күрежол сойыстық малды жеткізуде, айталық, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстаумен байланыстың мықты кепілі болып табылады. Ресейдің көршілес облыстарымен де өзара тиімді негізде қарым-қатынас жасауға болады.

Сүйегіне дейін ұнтақталатын, яғни қалдықсыз өндіріс толық күшіне енген соң кешенде 200-ден астам адам еңбек етпек. Заманауи техника «тілін» табатын арнайы мамандар, сондай-ақ зертханашылар, энергетиктер, зоотехник, ветеринария қызметкерлері маңдайдан шертіп тұрып жұмысқа қабылданатынын айтып жату артық шығар. Өйткені, бұл - тауардың біраз бөлігін экспорттайтын, стратегиялық бағыты орасан өндіріс ошағы. Ондаған тонналық салқындатқыштар, дезтосқауылдар, канализация, 3000 бас қозы тұратын қоршау, дайын өнімдер қоймалары - бәрі де қапысыз жұмыс жасауы тиіс.

Жұмыс сапары барысында Чапаев іргесінде салынып жатқан тағы бір маңызды нысан - ірі қара малын соятын цех құрылысының басында болып, жұмысшы-құрылысшылармен тілдескен облыс басшысы сонымен қатар Ақжайық ауданының әкімі Нариман Төреғалиевтің тұрғындармен есептік кездесуіне де қатысып, онда алда тұрған мақсат-міндеттерді атап көрсетті.

Соңғы жаңалықтар