БҚО әкімінің орынбасары мен бас мемлекеттік санитар дәрігері екпе салдырды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО әкімінің орынбасары Айдар Нұралиев пен бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев алғашқылардың қатарында коронавирусқа қарсы екпе салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір ампула бес адамға есептелгендіктен, қаладағы №1 емханада М.Арыспаев және А.Нұралиевпен бірге үш медицина қызметкері екпе салдырды.

Олардың екеуі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына қызметке барады. Біреуі адамдарды сүзгіден өткізетін жерде жұмыс істейді.

Облыс әкімінің орынбасары Айдар Нұралиев адам өзінің өміріне сенімді болуы үшін сыннан өткен вакцинадан қорықпау қажеттігін жеткізді.

М.Арыспаев індетті жеңу үшін өңір тұрғындарының басым көпшілігі екпе салдыруы, сонымен қатар адамдардың санитарлық талаптарды мүлтіксіз сақтауы керектігін атап өтті.

Бүгіннен бастап емханалардағы 26 екпе пунктінде ресейлік «Спутник V» вакцинасы егілуде. 15 ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешені негізінде шығарылған Gam-COVID-Вaк вакцинасы қосылады. Ал биылғы екінші тоқсаннан бастап отандық QazCovid-In препаратын іске қосу көзделуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары басталғанын, өңірде бір аптада 665 адамның індет жұқтырғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар