БҚО әкімі: Жол салғанда, технологиялық талаптар толық сақталуы керек (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жол салған кезде технологиялық талаптар толық сақталуы керек. Бұл туралы ақпанның бірінші күні Чапаев-Жалпақтал-Қазталов бағытында сапарға шыққан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.

Ақжайық ауданы орталығы Чапаев пен Қазталовқа қарасты Жалпақтал ауылының аралығы 148 шақырым болса, соның 103 шақырымына қатқыл табанды жол төселді. Алайда төселгеніне аз уақыт өтсе де, жолдың ой-шұңқыры жетерлік екен. Осыны жол салушыларға ескерткен өңір басшысы республикалық және жергілікті бюджеттен бұл жұмыстың биыл да жалғасатынын жеткізді. Өткен жылы Шыңғырлау, Қаратөбе ауданы орталықтарына қатқыл табанды жол жеткізілсе, биыл Орал-Тасқала-Озинки бағытында жол құрылысы басталады.

Жалпақталға дейінгі 14 шақырым жол да салынады. Жымпиты-Қаратөбе бағытында қалған жол, Шалқар көліне, Сарыөмір ауылына жеткізетін жол жөнделеді. Чапаев-Жаңақала, Жалпақтал-Қазталов-Жәнібек, Орынбор бағытында Орал-Теплое (РФ) жолдарын жөндеу де жүргізіледі. Ең бастысы, жұмыстың көлеміне емес, сапасына көңіл бөлінуі тиіс. Сондықтан ауа райын, басқа да жағдайларды ескере отырып, жаңа технологияларды қолданған жөн.

Жобаға сәйкес Чапаев ауылы тұсында Жайық өзені арқылы өтетін жаңа көпір салу ойластырылуда, ол Жымпиты арқылы Орал-Ақтөбе жолымен жалғастырады. Чапаевтан Жалпақтал-Қазталов-Жәнібек арқылы Ресейдің Волгоград облысына шығуға болады. Сонда бұл Батыс Қазақстанды Ресейдің оңтүстік аймақтарымен жалғастыратын халықаралық дәлізге айналып, көлік тасқыны көбейіп, инфрақұрылым дамиды. Басты міндет Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау болып табылады.

Биыл жол саласын дамытуға облыстық бюджеттен 6,8 млрд. теңге шамасында қаржы бөлінбек. Оған қоса республикалық маңызы бар жолдарға ел қазынасынан қарастырылатын болады.

Жол құрылысына осылайша баса назар аударған облыс басшысы Қазталов ауданының әлеуметтік нысандарының жұмысымен де танысты. Айталық, Жалпақтал ауылында жаңадан тұрғын үйлер бой көтеруде. Әкім Өзбекстаннан келгеніне көп бола қоймаған отандасымыз, Жалпақтал ауруханасының кардиологы Баһадүр Буабаевтың шаңырағында болып, оның еңбегіне сәттілік тілеп, «Отау-ТВ» қондырғысын табыс етті. Жалпақталдағы Қазталов аудандық қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі әлеуметтік мекемесінің ғимараты «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген болатын. Мемлекет қамқорындағы жандарға облыс әкімі түрлі-түсті теледидар табыс етті. Қариялар үйінде тұрып жатқан Мариям Отарбаев өздерінің жағдайы жақсы екенін жеткізді.

Жаңажол ауылында Н.Ноғаев өткен жылы салынып, пайдалануға берілген мәдениет үйінде, кітапханада, жергілікті кәсіпкер Айдос Сәрсенғалиев өз қаражаты есебінен тұрғызған мешітте болды. Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында Елбасы Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесулері жалғасуда. Осыған орай облыс басшысы бұл жолғы сапарында Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Ақжайық аудандары әкімдерінің есептік кездесулеріне қатыспақ.

Соңғы жаңалықтар