БҚО әкімі: Ток соққан балаға тиісті көмек көрсетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ток соғып, екі қолынан айрылған балаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы өңір әкімі Ғали Есқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында тілші Ғали Есқалиевке мынадай сауал қойды: «Өткенде БҚО-да 5 жасар баланы ток ұрып, ол 2 қолынан айырылды. Осыған өзіңізді кінәлі санамайсыз ба? Себебі бұған дейін сол ашық жатқан трансформаторға 5 сиыр токқа түсіп, арам өліпті. Мәселені қоғам белсенділері де уақытылы көтерген. Осы мәселені облыс әкімі ретінде неге қадағаламадыңыз?»

Өз кезегінде облыс басшысы баланың жағдайымен жеке барып таныспағанын, бірақ хабардар екенін айтты.

«Әрине, әкім ретінде мен барлық осындай қайғылы оқиғаларға жауаптымын. Қазір болған жайтқа қатысты тергеу-тексеру амалдары жүріп жатыр. Егер әкімдікке қарасты компанияның кінәсі дәлелденсе, әрине тиісті шараны қолданамыз. Өте өкінішті, қайғылы жағдай. Қылмыстық іс сотқа жеткеннен кейін жағдайды бақылап, заң аясында шара қабылданатын болады. Балаға тиісті көмек көрсетеміз. Әрине мұндай жағдай болмауы тиіс», - деп жауап берді Ғали Есқалиев.

Еске салсақ, биыл 25 мамырда Батыс Қазақстан облысында ток соққан екі баланың ауруханаға түскені туралы хабарлаған едік.

Өңірлік төтенше жағдай департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес 4 бала ойнап жүріп, кіші станцияның қоршалған жабық аумағына кірген. Сол кезде 5 жасар ұл баланы ток соққан. Оның жағдайы ауыр.


Соңғы жаңалықтар