БҚО әкімі: Соңғы үш жылда пайдаланылмаған 1 млн астам гектар жер анықталды
2021 жылғы 2 желтоқсан 21:33

БҚО әкімі: Соңғы үш жылда пайдаланылмаған 1 млн астам гектар жер анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Президент тапсырмасы бойынша Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда 1 млн астам гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталды. Бұл туралы Мемлекет басшысының Жолдауы аясында БҚО дамуы туралы өткен брифингіде облыс әкімі Ғали Есқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің айтуынша, қазіргі кезде сол жерлердің 57 пайызы игерілуде. 16 пайызы мемлекетке қайтарылды. Ал 27 пайызы бойынша қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жұмыстар мемлекеттің қолдау шараларымен қатар облыстың мал шаруашылығын дамытуға септігін тигізуде.

Атап айтқанда, жыл сайын мал басы өсіп келеді. Мысалы, биылғы он айда ірі қара 9,6, жылқы 12,2, қой мен ешкі 1,5 пайызға көбейді.

Биыл үш бордақылау алаңы іске қосылып, өңірдегі бордақылау алаңдарының жалпы сыйымдылығы 28 мыңнан 35 мыңнан басқа дейін жетпекші. Ал 2025 жылға дейін тағы да 20 мың басқа арттыру көзделуде.

«Өңір экономикасы мен ауыл шаруашылығының одан әрі дамуы суға тәуелді болып отыр. Биыл Үкіметтің қолдауы арқасында өңірдің оңтүстік-батыс аудандары үшін Ресейден жеткізілетін су көлемі 2019 жылғыдан 2 есеге көбейтілді. Ұзындығы 185,6 шақырымды құрайтын 3 магистраль каналды қайта жаңғырту жұмыстары басталды, бұл Жайық өзенінің сол жақ жағалауында 350 мың гектарға дейін жайылымды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді. Бүгінде 65 млн текше метрге Киров су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстарын бастадық, сондай-ақ 40 млн текше метрге тағы 2 су қоймасын салуға жобалар дайындалуда. Осы жылы 6 мың гектарға дейін суармалы жерлер енгізіп, 2026 жылға дейін 50 мың гектарға дейін жеткіземіз», деді өңір басшысы.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT