БҚО әкімі шекарада қалыптасқан жағдайға байланысты жиын өткізді

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ең маңызды мәселе – Ресеймен шекарада тұрған Қазақстан азаматтарын елге қайтару. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен шекара мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінде БҚО әкімі Ғали Есқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы Ғали Есқалиев Ресей шекара ведомствосымен бірге шекара қызметі департаментіне қазақстандық азаматтарға көмек көрсету бойынша мәселені шешуді тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі осы түйткілді шешу үшін Қазақстан Үкіметіне ұсыныстар жіберді, олар жедел түрде қаралуда.

Тағы бір маңызды міндет – БҚО аумағында қалған РФ азаматтарын есепке алуды қамтамасыз ету. Облыс әкімі шетелдіктерді қабылдайтын азаматтар үш тәулік ішінде полиция органдарына олардың келгені туралы хабарлауы тиіс екенін атап өтті. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов көші-қон қызметімен бірлесіп, батысқазақстандықтар мен мигранттардың құқықтары мен жауапкершілігіне байланысты түсіндіру жұмыстарын күшейту, хабарландыру санын ұлғайту және қажетті ақпараты бар СМС таратуды ұйымдастыруы қажет.

Заңсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің көптігін ескере отырып, полиция департаменті мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, осындай жалға берушілерді анықтау және заңнамаға сәйкес шаралар қабылдауы тиіс. Ғали Нәжімеденұлы мұндай азаматтарға жалға беру құқығын ресімдеу күрделі емес екенін және мемлекеттік кірістер департаменті органдары айыппұл санкцияларын қолданудан басқа, осындай жалға берушілерді тіркеуге консультациялық көмек көрсетуі тиіс екенін еске салды. Цифрлық технологиялар басқармасына қызмет базасында көші-қон заңнамасы мәселесі бойынша мигранттар мен жалға берушілерге 109 нөмірі бойынша кеңес беруді ұйымдастыру жүктелді.

Қазіргідей кезде Қазақстан азаматтарының да, көшіп-қонушылардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды. Өңір басшысы полиция департаментіне жеке құрамды күшейтілген режимге көшіруді, өзінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовке Батыс Қазақстан облысы аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында құрылған халық жасақтарын полиция департаментінің қарамағына жіберуді тапсырды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО әкімдігінің Ресеймен шекарадағы ахуал толық бақылауда екендігі туралы мәлім еткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар